Бас мүфти оқушы қыздардың орамал мәселесіне қатысты пікір білдірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының XXI отырысының кулуарында қыз баласы қанша жасынан орамал тағу керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мектепке оралмал тағып келуге рұқсат етпей жатқан қыздарға не істеу керек?, – деп сұрады журналистер бас мүфтиден.

Қазіргі таңда бұл мәселе қаралып жатыр. Біз ҚМДБ бұған қатысты мәлімдеме жасадық. Біз қоғамдағы тыныштықты, бірлікті бірінші кезекте ойлауымыз керек. Мектепке барып жатқан балаларымыздың мәселесін мұғаліммен кеңесіп, өз араларында шешкені абзал болады. ҚМДБ қыз баласының балиғат жасына келген кезінде орамал тарту керегі шариғаттың талабы екенін айтты. Сол себепті қыз баласы балиғат жасына қай кезде келеді сол кезден бастап дініміз, егер ол дін саласында жүрген болып, мұсылман шарттарын орындап жүрген болса, оған айтылған мәлімдемелерді жарияладық, - деп түсіндірді ол.

Сөзінше, ҚМДБ-ға қарасты 9 медресе бар. Соның бірнешеуінде қыз балаларды 9-сыныптан бастап қабылдап, оқытып жатыр.

Сондықтан орамал тағып, медреселерде оқығысы келетін қыздарға осындай балама мүмкіндіктер жасалған. Медресе Оқу-ағарту министрлігі бекіткен стандарттар бойынша колледжге қатысты білім береді. Ол жерде Ислам діні және өзіміздің зайырлы колледжге арналған мектептегі зайырлы және діни пәндер беріледі, - деп айтты бас мүфти отырыстың кулуарында.

Айта кетейік, қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан мәселелердің бірі - білім беру мекемелерінде хиджаб, орамал мәселесі. 5 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде сөйлеген сөзінде білім беру мекемелеріндегі діни ұстаным жайлы айтты.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек екенін, содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп пікір білдірді. 

Бұдан бөлек депутат Нұртөре Жүсіп қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңдарды жетілдіретін уақыт келгенін айтып, дабыл қақты. Айтуынша, «Домбыра – харам, сәлем салу – харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келеді.

Осы мәселені депутат Аманжол Әлтай да көтерді. Ол жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдардың қатары күн санап артып келе жатқанын айтты. Әлтайдың сөзінше, бұл тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға төнген қауіп.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы