Әйеліне зорлық-зомбылық көрсеткен Отбасын қолдау орталығының заңгері жазаға тартылды
Жетісу облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектесуі тиіс орталықтың қызметкері сотталды.
Мәліметтерге сәйкес, қылмыс жасалған сәтте ер адам «Жанұя» Отбасын қолдау орталығында заңгер болып жұмыс істеген. Ал зардап шеккен тарап - оның өз жұбайы, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға Қаратал аудандық сотында жалғасын тапты. Ер адам тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Іске айрықша мән беретін жайт - оның жұмыс орны. Ол «Жанұя» орталығында отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болып, көмек сұрап келген азаматтардың құқықтық мәселелерімен айналысқан.
Сотта айыптауды Қаратал ауданының прокуроры қолдады. Кадағалаушы органның мәліметінше, сотталушының кінәсі толықтай дәлелденді.
Сот ер адамға 200 сағат қоғамдық жұмыстарға жегу жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енді.
Жетісу облысының прокуратурасы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректеріне заң бұзушының лауазымына, мәртебесіне немесе жұмыс орнына қарамастан құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында жүкті әйелін зиратқа апарып, ұрып-соққан ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Тағы оқи отырыңыз:
Алдап кездесуге шақырған: Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашып, қашып кетті
Абай облысында бұрынғы әйелін қызғаныштан ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
Жамбыл облысында ер адам әйеліне телефон соққаны үшін 10 тәулікке қамалды