Астанада оқушы орнының тапшылығы қашан шешіледі?
2023 оқу жылында 16 мың орындық 2 ауысымдағы 11 мектеп салынады, оның 4-і пайдалануға беріліп, жұмыс істейді, 7 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Елордада мектеп жасындағы балалар саны да жыл сайын өсіп келе жатқаны белгілі. Осы орайда қала әкімдігі мектептердегі орын тапшылығы мәселесін қалай шешеді? Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндап берді.
Бүгінгі таңда елордада статистикалық мәліметтерге сәйкес, 460 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде балабақшаларда - 66 мыңнан астам бала, мектептерде - 260 мың балаға жуық, 34 мыңнан астам бала колледждерде оқиды, - деді әкімнің орынбасары Астана коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзінше, елордада білім беру жүйесінде 337 мың баланы қамтып отырған 734 ұйым жұмыс істейді. Оның 236 мемлекеттік, 488 жеке меншік болса, 171 мектеп, 525 балабақша, 11 қосымша білім беру ұйымы бар. Соңғы 4 жылда елордада 82 мың орындық 39 мектеп салынғанымен мектептердегі орын тапшылығы 28 мыңнан астам.
Елордада оқушы орындарының тапшылығы проблемасын шешу үшін шаралар қабылдануда. 2023 оқу жылында 16 мың орындық екіауысымдағы 11 мектеп салынады, оның 4-і пайдалануға беріліп, жұмыс істейді, 7 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2024-2025 жылдары 69 мың орындық 30 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп, оның ішінде Нұра және Есіл аудандарында 15 мектеп салынады. Әкімдік мектеп құрылысын іске асыру үшін 20 қосымша жер учаскесін бекітті, - дейді Есет Байкен.
Әкімнің орынбасары атап өткендей, алдағы 4 жылда 177 мың оқушы орнына 65 мектеп салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қабылданған шаралар мектептердің шамадан тыс жүктелуінің ағымдағы проблемасын шешіп қана қоймай, болашақта 2035 жылға дейін орын тапшылығы мәселелерін толығымен жояды деп күтіліп отыр.
Естеріңізде болса, бұған дейін астаналық мектепте оқушылар тапталып қала жаздаған болатын.
Кейін әлеуметтік желілерде Көкшетау қаласында №1 мектепте оқушылар мектеп дәлізінде құлап, тапталып қалған видеосы тарады.
Мәжіліс депутаты мектептерде осындай проблема болмас үшін қандай шешім қабылдау керегін айтқан болатын. Алайда Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Жүнісбеков депутаттың ұсынысымен келіспейтінін айтты.
Оқу-ағарту министрлігі білім басқармалары мен аумақтық департаменттері басшыларының қатысуымен оқу процесін ұйымдастыру жайлы кеңес өткізіп, бірқатар ұсыныс, ескерту айтты.