Астанада бұрын-соңды болмаған форматтағы баскетбол басталды: Кімдер бақ сынайды?
«Болашақ ойындары – 2026» аясында цифрлық және дәстүрлі спортты біріктіретін фиджитал-баскетбол жарысы басталды. Қазақстандықтарды кімдер күтіп тұр?
Астанада «Болашақ ойындары – 2026» аясында фиджитал-баскетбол жарысы басталды. Фиджитал-баскетбол бәсекелері 29 шілде мен 3 тамыз аралығында «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтеді.
Жарысқа 16 команда қатысады. Қазақстан атынан GTB KZ және PBC Astana өнер көрсетеді. Олардың қарсыластарының қатарында Boca Juniors пен Valencia Basket секілді халықаралық клубтар бар.
Фиджитал-баскетбол цифрлық және дәстүрлі спортты бір жарыс аясында тоғыстырады. Әр матч цифрлық кезеңнен және нақты алаңдағы физикалық кезеңнен тұрады. Командалар алдымен баскетбол симуляторында 2×2 форматында ойнап, кейін бәсекені нақты алаңда 2×2 форматында жалғастырады. Қорытынды нәтиже екі кезеңде жиналған ұпайлардың қосындысы бойынша анықталады.
Бұл бастама Тимур Құлыбаевтың Halyk қорының Қазақстандағы киберспортты жүйелі түрде қолдау жұмысының жалғасы. 2025 жылы қор Almaty Cyber Games Media & Cup және Almaty Cyber Games International турнирлерінің бас серіктесі ретінде қолдау көрсетті. 2026 жылы NNEF қоғамдық қорымен бірлесіп Qazaqstan Cyber Games Students League студенттік лигасын ұйымдастырды.
Лиганың іріктеу кезеңіне еліміздің 100 жоғары оқу орнынан 1 500-ден астам студент қатысты. Жастар мен студенттерге арналған жобалар құрамына МУИТ (IITU), Astana IT University, ҚБТУ, UIB және Energo University кіретін University Alliance of Science and Technology альянсымен серіктестікте жүзеге асырылады.
Фиджитал-баскетболдың ерекшелігі – цифрлық шеберлік пен нақты спорттық дайындықты бір жарыс аясында ұштастыруында. Мұнда технология спорттың орнын баспайды, керісінше оны толықтырады. Қазақстандық командалардың өз алаңында халықаралық клубтармен бәсекеге түсуі отандық спортта жаңа форматтардың дамуына серпін береді, – деді Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүңкеев.
«Болашақ ойындары – 2026» турнирі Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. 50-ден астам елден келген 800-ден астам қатысушы сегіз бағыт бойынша бақ сынайды. Турнир дәстүрлі спорт, киберспорт және заманауи технологияларды бір алаңда тоғыстырады.
Еске салсақ, Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирі аясында елордаға келген Халықаралық киберспорт федерациясының президенті Влад Маринескуді Астана халықаралық әуежайынан қарсы алды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің ашылуында сөз сөйлейтіні хабарланды.
Бүгін Астанада жаңа буын спортын дамытуға арналған «Болашақ ойындары – 2026» Дүниежүзілік фиджитал саммиті басталды.