Астана-Петропавл жолындағы апат: Комаға түскен полиция қызметкері қайтыс болды
Астана – Петропавл тасжолында болған ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін комаға түскен 35 жастағы полицей қайтыс болды. Зардап шегуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, оған операция жасалған. Бірақ оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, апат 3 қарашада болған. Соқтығысудан кейін полицей ауыр жағдайда Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер оған бастың ауыр жарақаты, бас сүйегінің сынуы, мидың ісінуі, гематома және пневмоторакс диагноздарын қойған.
Сол күні дәрігерлер консилиумынан кейін зардап шегушіні Астанаға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Кешке оны санитарлық авиациямен елордалық ауруханаға жеткізіп, шұғыл операция жасады.
Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, полицей алған жарақаттарынан қайтыс болғанын растады.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полиция капитаны Данияр Таев 4 қарашада медициналық мекемеде көз жұмды. ЖКО 3 қарашада Астана-Петропавл автожолында орын алды. Патрульдік полиция қызметкері жол жұмыстарына қатысатын арнайы техниканы алып жүру арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Алдын ала мәліметтер бойынша, JAC автокөлігінің жүргізушісі жылдамдық режимін және қауіпсіз қашықтықты сақтамай, полицияның қызметтік көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан қызметкер ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Өкінішке орай, оны құтқару мүмкін болмады. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. JAC автокөлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жүргізілуде, - деп жауап жолда ведомство BAQ.KZ сауалына.
Ішкі істер министрлігінің басшылығы мен жеке құрамы қайтыс болған қызметкердің отбасы мен жақындарына көңіл айтады.
Айта кетейік, бұған дейін Астана – Петропавл жолындағы жантүршігерлік апат болып, полицей комаға түскені хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз:
Текеліде 11 жастағы қыз экскаватордың астында қалып қаза тапты
Астанада көлігінің ақауына байланысты тоқтаған жүргізушіні басқа көлік қағып өлтірді
Астанада қызды көлігімен қағып, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші анықталды