Бүгiн 2026, 12:17 Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Әріптесін қағып өлтірген "Родина" жүргізушісіне шартты жаза берілді

Ақмола облысында әріптесін абайсызда көлікпен қағып, өліміне себеп болған жүргізуші 2,5 жылға шартты түрде сотталды.

Ақмола облысының Целиноград ауданында «Агрофирма Родина» ЖШС қызметкері әріптесін көлікпен қағып, өліміне себеп болғаны үшін шартты жаза алды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі мәлім етті.

Сот анықтағандай, жүргізуші қызметтік автокөлікті артқа қарай жүргізу кезінде абайсызда өз әріптесін қағып кеткен. Алған жарақаттар салдарынан ер адам оқиға орнында көз жұмды.

Сот отырысында айыпталушы кері жүріп келе жатқанда авариялық белгі бермегенін және жәбірленушіні тек көлік алдында жатқан кезде ғана байқағанын айтқан.

Марқұмның қызы жәбірленуші ретінде сотта айыпталушыға ешқандай талап-арызы жоқ екенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол соттан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды сұраған.

Сот жүргізушінің әрекетін қылмыстық абайсыздық деп таныды. Жаза тағайындау кезінде оның алғаш рет қылмыс жасағаны, кінәсін мойындап, өкінгені, бұрын сотталмағаны, оң мінездемелері және кәмелетке толмаған баласының болуы ескерілді. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың пікірі де назарға алынды, - делінген соттың хабарламасында.

Бұдан бөлек, үкім шыққанға дейін жәбірленушіге материалдық көмек көрсетілген. Атап айтқанда, серіктестік тарапынан 4,1 млн теңге төленген. Оның ішінде 3 млн теңге жоғары оқу орнына төлем үшін, 1,1 млн теңге жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға жұмсалған. Сонымен қатар марқұмның қызына 2026 жылдың қыркүйегіне дейін ай сайын 277 мың теңге көлемінде сақтандыру төлемі белгіленген. Айыпталушының өзі моральдық зиян үшін 5 млн теңге өтемақы төлеген.

Сот үкімімен ер адам 2,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Тағы оқи отырыңыз:

МӘМС қаржысы талан-таражға түскен: Түркістанда жалған қызметпен 294 миллион теңге игерілген

"Суға итеріп жіберді ме?": Атырауда қаза тапқан оқушының анасы істі қайта ашуды талап етті

Суррогат анаға қатысты дау: Сот әйелден 550 мың теңгені өндіріп, моральдық өтемақыны алып тастады