Ақтөбеде алаяқ мүгедектік топ пен үй кезегіне қатысты «жеңілдіктер» ұсынған
Ақша жинап алған алаяқ ұсталды.
Ақтөбеде әлеуметтік жеңілдіктерді рәсімдеуге көмектесемін деген күдікпен алаяқ ұсталды.
Полиция қызметкерлері бірнеше алаяқтық дерегі бойынша күдікке ілінген ер адамды анықтап, полиция бөліміне жеткізген.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті азаматтардың сеніміне кіріп, түрлі сылтаулармен олардың ақшалай қаражатын иемденген.
Атап айтқанда, бір жағдайда ол 51 жастағы әйелге баласының мүгедектік тобын III топтан II топқа ауыстыруға көмектесетінін айтып, одан 400 мың теңге алған. Тағы бір жағдайда күдікті кәмелетке толмаған мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған 27 жастағы тұрғынға тұрғын үй кезегін жылжытып, баспана алуға жәрдемдесетінін уәде еткен. Осы қызметі үшін жәбірленушіден 1 млн теңге алып, уәдесін орындамаған және ақшаны өз қажетіне жаратқан. Аталған фактілер бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ күдіктінің өңір аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті азаматтарға мүгедектік тобын белгілеу немесе өзгерту, сондай-ақ тұрғын үй кезегіне қою және оны жылжытуға қатысты мемлекеттік қызметтер заңнамада белгіленген тәртіппен ғана көрсетілетінін ескертеді.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында клиенттерге білдіртпей несие сомасын өсіріп отырған банк менеджері ұсталды.
Тағы оқи отырыңыз:
5 жыл бойы қашып жүрген қазақстандық әйел Түркияда ұсталды
Ақтөбе облысында WhatsApp-тағы бір қоңырау 71 жастағы әйелді пәтерінен айырды
Жол ақысы 150 доллар: Алматылық таксист шетелдіктерді алдаған