«Ақшаңызды екі еселеп беремін»: Астанада жалған инвестиция ұсынған әйел ұсталды
Салымшыларға ақшасын екі есе қайтаруға уәде берген әйел әуелі сенімге кіріп, кейін төлемді тоқтатқан. Оның арбауына еліміздің 28 тұрғыны түскен.
Астанада әлеуметтік желі арқылы азаматтарға салған ақшасын екі еселеп қайтаруға уәде берген 24 жастағы әйел ұсталды. Полиция мәліметінше, оның әрекетінен еліміздің әр өңіріндегі 28 адам зардап шеккен. Бұл туралы Ақтөбе облысының Полиция департаменті хабарлады.
Полицияның анықтауынша, күдікті әлеуметтік желілерде инвестиция арқылы қысқа мерзімде мол табыс табуға болатыны туралы хабарландырулар жариялаған. Ол азаматтарға салған қаражатын екі еселеп қайтаруға уәде берген.
Жарнамаға сенгендердің қатарында Ақтөбе облысының бірнеше тұрғыны да болған. Олар пайда табамыз деген үмітпен әйелге ақша аударған.
Алғашында күдікті салымшыларға уәде етілген пайыздық төлемдерді жасап, олардың сеніміне кірген. Алайда азаматтар ірі көлемде қаражат сала бастаған кезде төлемдер тоқтатылған. Осылайша, еліміздің әр өңірінен 28 адам алаяқтық әрекеттің құрбаны болған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Ол – Астана қаласының 24 жастағы тұрғыны. Қазіргі уақытта әйел уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, келтірілген шығын көлемі және күдіктінің осыған ұқсас басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы бар-жоғы анықталуда, - деп хабарлады Ақтөбе облысының Полиция департаменті.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті тұрғындарды әлеуметтік желілердегі күмәнді инвестициялық ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
Құқық қорғау органдары қысқа мерзімде жоғары табыс табуға немесе салынған қаражатты еселеп қайтаруға кепілдік беретін ұсыныстардан сақ болуды ескертеді. Ақша аудармас бұрын инвестициялық жобаның заңдылығын, ұйымдастырушылардың сенімділігін және қаражат салу шарттарын мұқият тексеру қажет.
Еске сала кетейік, Ақтөбеде 76 жастағы зейнеткер өзін ХҚКО мен ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған алаяқтардың арбауына түсіп, 15 миллион теңгеге жуық ақшасынан айырылды. Полиция бұл дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Тағы оқи отырыңыз: «Ремонт жасап беремін»: Instagram арқылы 21 млн теңге жымқырған астаналық сотталды
Пәтерден 17 млн теңгенің алтынын үптеп кеткен: Тараздағы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағандар ұсталды
Қостанайда 86 жастағы қарияны өлтірді деген күдікпен жасөспірім ұсталды