Бүгiн 2026, 14:26 Фото: видеодан скриншот

Ақмарал Әлназарова Екібастұздағы дәрігерлерге жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады

Екібастұзда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар заң алдында жауап береді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді. 

Оның айтуынша, 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық көрсеткені және қорқытқаны үшін жауапкершілік күшейтілді.

Ақмарал Әлназарова бұл мемлекеттің принципті ұстанымы екенін атап өтті.

Екібастұз қалалық ауруханасының қабылдау бөлімінде медицина қызметкерлеріне жасалған кезекті шабуыл жағдайы терең наразылық туғызады және құқық қорғау органдары тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да қағидатты баға беруді талап етеді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық кінәлі тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық пен қорқыту әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтілді. Бұл - мемлекеттің қағидатты ұстанымы: медицина қызметкерлеріне қарсы кез келген агрессия көріністеріне нөлдік төзімділік. Алайда заң күші - бұл салдардың алдын алу емес, ол тек болғаннан кейінгі шара. Біз үшін ең маңыздысы - қоғамдағы көзқарас, - деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова. 

Сондай-ақ, министр азаматтарға үндеу жолдады.

Дәрігер, фельдшер, мейіргер - ең қиын сәттерде көмекке келетін жандар. Олардың еңбегіне адамдардың денсаулығы мен өмірі тәуелді. Медицина қызметкерлері өз кәсіби борышын атқарады - тәуліктің кез келген уақытында, ең күрделі жағдайларда өмірді сақтап қалады, көмек көрсетеді. Осындай сәттерде олар қорғалуы тиіс, агрессияға ұшырамауы керек, - деді министр. 

Оның айуынша, заңнамалық деңгейде де, медициналық ұйымдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да медицина қызметкерлерін қорғау шаралары әрі қарай да күшейеді. 

Әрбір зорлық-зомбылық фактісіне қатаң құқықтық баға берілетін болады. Бұл ретте: аурухана - жанжал орны емес, көмек көрсетілетін орын екенін барлығымыз бірдей түсінуіміз маңызды, - деді Әлназарова.  

Еске салайық, бұған дейін Екібастұзда дәрігер мен медбикені ұрған 3 күдікті ұсталды

Тағы оқи отырыңыздар:

Алматыда дәрігерлер маңдайына қайшы қадалып қалған баланы құтқарды

Қарағанды облысында басына кірпіш құлаған баланың жағдайы ауыр: Жаңа мәліметтер пайда болды

Астанадан қонаққа келген бала Қарағандыда терезеден құлап, ауруханаға түсті