Павлодар облысында медицина қызметкерлеріне қатысты күш көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Үш күдікті ұсталды, оның екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға травмпунктте болған. Полицияның мәліметінше, 12 сәуірде ерте таңда Екібастұз ауруханасының травмпунктіне медициналық көмек алу үшін жергілікті тұрғын келген, оның қасында екі мас досы болған. Сүйемелдеп келгендер өздерін өрескел ұстап, дәрігердің ескертуіне агрессивті түрде жауап берген. Ғимараттан шығудан бас тартып, олар медицина қызметкерін соққыға жыға бастаған. Шабуыл салдарынан араша түспек болған медбике де зардап шекті.
Күдіктілер оқиға орнында ұсталды.
Қазіргі уақытта жарақат алған екі медицина қызметкері де ауруханаға жатқызылды. Жедел жеткен полиция қызметкерлері үш күдіктінің барлығын оқиға орнында ұстады. Қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Павлодар облысының ПД баспасөз қызметі.
Ұсталғандардың екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, үшіншісі полиция күзетімен арнайы палатада жатыр.
Айта кетейік, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату нормалары күшіне енді.
Заңнамаға сәйкес, дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем қызметкерлеріне қатысты күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада фельдшерді ұрған ер адам ұсталды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстанда ауылға барған дәрігерлердің төлемі екі есеге өсті
Қазақстанда БАД-тарды бақылау күшейтілмек: ДСМ жаңа ережелер әзірлеуде
Жамбыл облысында дәрігер 3 жасар баланың өңешінен 100 теңгені алып шықты