10 Тамыз 2026, 17:26 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ЖИ - Ерболат Бекболат

Алматыда жыл басынан бері 5 мыңға жуық Telegram-арна бұғатталды

Қарттар мен балалар бар отбасыларда бұл мәселе жиі талқылануы қажет.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек алаяқтықтың алдын алу бағытында банктер мен ұялы байланыс операторларының рөлі туралы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оның айтуынша, қаржы ұйымдары мен мобильді операторлар құқық бұзушылықтардың алдын алу субъектілері болып саналады. Сондықтан цифрлық технологиялар қарқынды дамып жатқан кезеңде олардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысуы аса маңызды.

«Азаматтар алаяқтардың жаңа әдістері туралы дер кезінде әрі нақты ақпарат алуы керек. Бүгінде банктер мен ұялы байланыс операторлары түрлі хабарламалар таратып, күмәнді қоңырауларға сенбеуге, ақпаратты міндетті түрде тексеруге және ешкімге SMS-кодтарды бермеуге шақырып келеді», – деді Салтанат Әзірбек.

Полиция өкілінің сөзінше, жуырда Алматы полициясы дәрігерлердің, пошта қызметкерлерінің, банк мамандары мен ұялы байланыс операторлары өкілдерінің қатысуымен арнайы әлеуметтік ролик әзірлеген. Онда аталған мекемелердің қызметкерлері азаматтардан құпия кодтар мен жеке мәліметтер сұрамайтынын түсіндіреді.

«Сақ болыңыздар, қырағылық танытыңыздар және өз қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етіңіздер. Әсіресе қарттар мен балалар бар отбасыларда бұл мәселе жиі талқылануы қажет», – деді ол.

Салтанат Әзірбек интернет арқылы есірткі таратумен және киберқылмыспен күрес жұмыстары туралы да мәлімет берді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Алматыда киберқылмыс пен есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл аясында шамамен 5 мың ақпараттық ресурс бұғатталған. Олардың басым бөлігі – Telegram арналары.

«Бір ресурсты жапсақ, оның орнына ертең тағы бірнешеуі пайда болуы мүмкін. Бұл – қазіргі заманның шындығы. Дегенмен мұндай шаралар кибералаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алуға және олардың санын азайтуға мүмкіндік береді», – деді полиция өкілі.

Сонымен қатар ол азаматтардың жеке жауапкершілігінің маңызын атап өтті.

«Әр адам өзінің қауіпсіздігіне, жеке деректерінің қорғалуына және мүлкінің сақталуына ең алдымен өзі жауапты екенін түсінуі керек», – деді Салтанат Әзірбек.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы полициясы неге кейде кешігіп келетінін түсіндірді

Қазақстанда 46 жалған диплом және оларды сататын 20 сайт анықталды

Оқушылар қауіпті сайттарға кірген: Абай облысында 8 мектептің директоры жауапқа тартылды

Пәтер іздегендерге ескерту: Танымал сайттарға айыппұл салынды