27 Қазан 2026, 12:50 Фото: pixabay.com

Алматыда күніне төрт банкаға дейін энергетик ішкен жігіт ауруханаға түсті

Дәрігерлер оның асқазаны тесіліп, перитонит дамығанын анықтады.

Күніне 3-4 банка энергетикалық сусын ішуді әдетке айналдырған Алматы тұрғыны асқазаны ауырып, ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер онда перитонит пайда болғанын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, хирургтер асқазаны тесілген жас жігіттің өмірін сақтап қалды. Науқас Орталық қалалық клиникалық ауруханаға іші қатты ауырып түскен. Тексеру нәтижесінде асқазан жарасының асқынып, перитонитке, яғни құрсақ қуысының қауіпті қабынуына әкелгені анықталды.

Дәрігерлер науқасқа шұғыл ота жасауға мәжбүр болды. Олар асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартты.

Асқазан жарасының тесілуі – оның қабырғасында тесік пайда болатын асқыну. Сол тесік арқылы асқазанның ішіндегісі құрсақ қуысына өтіп, қабыну процесін тудырады. Мұндай жағдайда шұғыл медициналық көмек қажет, – дейді Орталық қалалық клиникалық аурухананың хирургі Ілияс Сағиев.

Емнен кейін науқастың жағдайы жақсарып, ол хирургтің бақылауымен үйіне шығарылды.

Науқастың айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3-4 банка энергетикалық сусын ішіп жүрген.

Дәрігерлер энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудырып, қыжыл мен жүрек айну сияқты белгілерді күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Әсіресе асқазан аурулары, соның ішінде ойық жарасы бар адамдар тамақтануына мұқият болғаны жөн.

Бұл науқаста асқазан жарасының тесілуіне энергетикалық сусындар себеп болды деп нақты айтуға болмайды. Дегенмен оларды көп мөлшерде ішу ұсынылмайды. Әсіресе асқазан аурулары бар адамдарға абай болған жөн, – деп ескертті дәрігер. 

Айта кетейік, бұған дейін дәрігерлер энергетикалық сусын инсультқа әкелуі мүмкін екенін ескертті. 

Тағы оқи отырыңыз: 

Шымкентте сатушы жасөспірімге энергетикалық сусын сатқаны үшін жауапқа тартылды

Түркістан облысында энергетикалық сусындарды сату тәртібі тексерілуде

Жасөспірімдер фастфуд пен энергетикалық сусындарға әуес – Бектенов