Бүгiн 2026, 11:42 Фото: ©BAQ.KZ/ЖИ

Алматыда 84 мыңға жуық қауіпті ағаш бар: Олардың жартысынан көбі аулаларда орналасқан

Мамандардың айтуынша, олардың жартысынан көбі тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан. Қаладағы апатты ағаштар қаншалықты қауіп төндіреді, оларды ауыстыру жұмыстары қалай жүріп жатыр және тұрғындар нені білуі керек?

Алматыда ондаған мың ағаш апатты жағдайда тұр. Қала әкімдігіне қарасты Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, мегаполисте шамамен 84 мың қауіпті ағаш анықталған.

Редакцияның ресми сауалына жауап берген басқарма 2018–2019 жылдары жүргізілген жасыл желектерді түгендеу нәтижесінде қала аумағында ауқымды проблема анықталғанын мәлімдеді.

Қауіпті ағаштардың басым бөлігі аулаларда тұр

Басқарма мәліметінше, анықталған 84 мыңға жуық апатты ағаштың 35 мыңға жуығы көше-жол желісі бойында орналасқан. Ал қалған 49 мыңға жуық ағаш тұрғын үйлердің аулаларда орналасқан. Бұл қаладағы қауіпті ағаштардың басым бөлігі адамдар күнделікті жүретін және балалар ойнайтын аулаларда тұрғанын көрсетеді.

Қауіпті ағаштар қалай анықталады?

Ведомствоның хабарлауынша, ағаштардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Апаттылық белгілері визуалды тексеру және қажет болған жағдайда арнайы аспаптық зерттеу әдістері арқылы анықталады, – деп хабарлады басқарма.

Мамандар мұндай жұмыстар кезінде резистограф пен томограф секілді арнайы құрылғыларды қолданады. Ал күрделі жағдайларда ғылыми ұйымдардың сарапшылары тартылады.

Апатты деп танылған ағаштар арнайы актімен рәсімделіп, тиісті тізімге енгізіледі.

Жыл сайын 17 мыңға жуық ағаш кесіледі

Алматыда қауіпті ағаштар санын азайту үшін бес жылдық жоспар іске асырылып жатыр. Басқарманың мәліметінше, 2022 жылдан бері жыл сайын шамамен 17 мың апатты ағаш кесіліп жатыр. Сонымен қатар, жасыл қорды жаңарту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.

2026 жылы жарты миллионнан астам жасыл желек отырғызылмақ

Қала билігі келесі жылы жасыл желекті көбейтуді жоспарлап отыр.

2026 жылы Алматы қаласында 550 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған, – деп хабарлады басқарма.

Оның ішінде:
– 7,2 мыңнан астам ірі көлемді ағаш;
– 500 мыңнан астам бұта;
– шамамен 40 мың өтемдік көшет отырғызу көзделген.

Тұрғындар қауіпті ағаштар туралы қайда хабарлай алады?

Қауіпті ағаштарды анықтау және күтіп-ұстау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу нәтижесінде таңдалған мердігер ұйымдар жүргізеді.

Ал тұрғындар қауіпті ағаштар туралы бірнеше жолмен хабарлай алады: e-Otinish платформасы, Open Almaty сервистері, аудан әкімдіктері немесе Экология және қоршаған орта басқармасына тікелей жүгіну арқылы.

Басқарма мәліметінше, әрбір өтініш бойынша мамандар тексеру жүргізеді. Егер ағаштың шынымен апатты жағдайда екені расталса, ол арнайы тізімге енгізіледі.

Еске салайық, бұған дейін көлігінің үстіне ағаш құлаған қарағандылық әкімдіктен 1,8 млн теңге өндіріп алғаны хабарланды

Тағы оқи отырыңыздар: 

Еуропадан келген қауіп: Алматының емендерін зиянкес құртып жатыр

Достық символы: Қазақстан мен Ресей президенттері ағаш екті 

Баум тоғайын жаңғырту жұмыстары толық аяқталды