Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында сел жүру қаупі бар
«Қазселденқорғау» бірнеше өңірдегі жағдайға байланысты ескерту жасады.
«Қазселденқорғау» ММ 3-5 шілде аралығында Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қауіпті гидрометеорологиялық жағдай қалыптасуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мекеме мәліметінше, ауа температурасының жоғары болуы және алдағы күндері болжанған нөсер жауын-шашын салдарынан тау беткейлерінен қарқынды су ағуы, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі.
Соның салдарынан көшкін жүруі мен сел қаупі туындауы мүмкін. Осыған байланысты құтқарушылар аталған өңірлердің тұрғындары мен қонақтарын сақтық шараларын қатаң сақтауға, ауа райы болжамын бақылап, таулы аймақтарға барудан барынша бас тартуға шақырды.
3 шілдеге қараған түні «Қазселденқорғау» Алматы өңіріндегі мореналық көлдерге мониторингті күшейткен болатын.
Еске салайық, 1 шілдеде Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасын бойлай орналасқан үйлердің тұрғындары алдын ала эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын.
Артынша Алматы қаласының тұрғыны Елизавета Ларченко BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында сел қаупіне байланысты өз ауданындағы қазіргі ахуал туралы айтып берді.
Сонымен қатар, нөсер жаңбырдың салдары Алматы облысына да тиді. Редакцияға Алматы облысына қарасты Іргелі және Көксай ауылындағы жағдайдың видеолары келіп түсті.
ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта Алматыда сел қаупі бақылауда, өзендердегі су деңгейі тұрақты.