Алакөлдің туристік инфрақұрылымына шамамен 30 млрд теңге бөлінеді: 2026 жылы курорт қалай дамиды?
Жетісу және Абай облыстарында туристік аумақ кеңейтіліп, инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, жаңа курорттық нысандар салынады.
2026 жылы Жетісу облысының туристік инфрақұрылымын дамытуға қосымша 20 млрд теңге бөлінді. Ал Абай облысындағы Алакөл жағалауында жалпы құны шамамен 10 млрд теңгені құрайтын 20-ға жуық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. BAQ.KZ тілшісі көлдің екі жағалауында қандай нысандар салынатынын, курорттық аймақ қашан кеңейетінін және туристер санын қалай арттыру көзделіп отырғанын анықтады.
Алакөл Жетісу және Абай облыстарының аумағында орналасқандықтан, әр өңір жағалаудың өз бөлігіне арналған даму жоспарын жеке жүзеге асырып жатыр. Жобалар инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуды, көлік қатынасын жақсартуды, қауіпсіздікті күшейтуді, абаттандыру жұмыстарын жүргізуді және жаңа туристік кешендер салуды қамтиды.
Инфрақұрылымға қанша қаржы бөлінеді
2023-2025 жылдары Жетісу облысының туристік инфрақұрылымын дамытуға 58,5 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 30 млрд теңгеден астам қаржы игерілді. Ал 2026 жылы бұл мақсатқа қосымша тағы 20 млрд теңге бөлінді.
Туризм басқармасының мәліметінше, Алакөл жағалауында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылған.
Облыс құрылғаннан бері инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған аса маңызды жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Атап айтқанда, көлге қатынау мүмкіндігі айтарлықтай жақсарды. 2024 жылы ұзындығы 180 шақырым болатын «Үшарал – Достық» автожолын қайта жаңарту аяқталса, 2025 жылы ұзындығы 313,5 шақырымды құрайтын «Талдықорған – Үшарал» автожолының реконструкциясы аяқталды. Сонымен қатар Үшарал әуежайының ұшу-қону жолағы жаңғыртылды, – деп мәлімдеді басқарма.
Сондай-ақ Жетісу облысының Алакөл ауданында 2026 жылы туризм саласында жеті жеке инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 3,63 млрд теңгені құрайды.