23 Шілде 2026, 17:55 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Алакөл, Балқаш, Бурабай: Демалыс орындары туристерді қабылдауға дайын ба?

Туристік аймақтардағы қауіпсіздік пен инфрақұрылым.

Елімізде жазғы туристік маусым қарқын алып келеді. Туризм және спорт министрлігі туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін мемлекет туристік инфрақұрылымды дамытуда ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алакөлде қандай жұмыстар атқарылды?

Алакөлде көлік жолдары жаңартылып, қосымша теміржол және әуе рейстері ашылды. Жағалау бойына 100 қоқыс контейнері, 40 киім ауыстыру кабинасы, жаңа құтқару мұнаралары мен биодәретханалар орнатылып, пирс жабдықталды. Сондай-ақ жаңа құтқару станциясы пайдалануға берілді,  делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, Абай облысы жағалауында құтқару станциясы, медициналық пункттер және қауіпсіздікті қамтамасыз ету кешені жұмыс істейді. Демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін 175 қоқыс контейнері, 75 киім ауыстыру орны, 35 душ кабинасы, 223 бейнебақылау камерасы, санитариялық тораптар және құтқару инфрақұрылымы қарастырылған.

Сондай-ақ, биыл Алакөлге 2 миллионнан астам турист келетіні айтылды. Осыған байланысты өңірде демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлы демалысын қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым жаңартылып, бақылау шаралары күшейтілген.

Балқашта қандай шаралар іске асуда?

Балқашта әуежай жаңғыртылып, субсидияланатын әуе рейстері ашылды. Коммуналдық жағажайлар абаттандырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді, - дейді Туризм министрлігінің баспасөз қызметі. 

Бурабайдағы жағдай қандай?

Бурабайда жаңа құтқару станциялары салынып, қосымша қоқыс жәшіктері, контейнерлер мен санитариялық тораптар орнатылып жатыр. Алайда ең заманауи инфрақұрылымның өзі табиғатты қорғауға деген жауапкершілікті алмастыра алмайды. Демалыс орындарының тазалығы ең алдымен әрбір келушінің мәдениеті мен табиғатқа деген жанашырлығына байланысты, - деді министрліктің баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар, ведомство өкілдері демалушыларға үндеу жасады.

Қоқысты арнайы контейнерлерге тастап, тазалықты сақтаңыз. Осындай қарапайым қағидаларды ұстану арқылы көлдерімізді, тауларымызды және ұлттық парктерімізді келешек ұрпақ пен миллиондаған турист үшін таза әрі көркем күйінде сақтай аламыз, - делінген үндеуде.

Еске салайық, бұған дейін Көбейтұз көлі ұлттық парк құрамына енетінін, туристер үшін не өзгеретінін хабарладық

Тағы оқи отырыңыздар: 2026 жылдың жазында Қазақстанда қайда демалуға болады: Бағалар, бағыттар және ең танымал туристік орындар

Қазақстан әлемдік туристік рейтингте 28 сатыға көтерілді

Бір аптаға – миллион теңге? 2026 жылдың жазында Алакөл мен Балқашта демалу қанша тұрады