Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апат: ІІМ татуласу жауапкершіліктен босатпайтынын мәлімдеді
Материалдық және моральдық шығынды өтеу сотта жеңілдететін мән-жай ретінде ғана ескерілуі мүмкін.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың татуласу мүмкіндігіне түсінік берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер үш адамның қаза болуына әкелген резонансты жол-көлік оқиғасы бойынша жәбірленушілердің айыпталушымен татуласуы оның жауапкершіліктен құтылуына әсер ете ме деген сұрақ қойды.
Санжар Әділов қазіргі таңда қылмыстық іс соттың қарауында екенін еске салып, Ішкі істер министрлігі нақты іс бойынша қандай да бір болжам немесе баға бере алмайтынын айтты.
Ішкі істер министрлігінің міндеті – қылмысты сапалы әрі қысқа мерзімде тергеу болды. Біз өз міндетімізді орындадық. Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауында жатыр. Сондықтан қандай да бір болжам жасауға болмайды. Бұған заң тікелей тыйым салады, – деді вице-министр.
Сонымен қатар Санжар Әділов заңнамадағы жалпы нормаларды түсіндірді.
Оның айтуынша, ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша тараптардың татуласуы негізінде істі тоқтату мүмкін емес.
Ауыр санаттағы қылмыстық істер бойынша татуласу мүмкін емес, – деді ол.
Вице-министрдің сөзінше, жәбірленушілермен татуласуға ұмтылу, сондай-ақ келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеу айыпталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды.
Алайда мұндай әрекеттер сот үкім шығару кезінде ескерілетін жеңілдететін мән-жайлардың қатарына жатады.
Материалдық және моральдық залалды өтеу, келтірілген шығынның орнын толтыру – жеңілдететін мән-жай болып саналады, – деді Санжар Әділов.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2026 жылдың 21 наурызына қараған түні болған.
Тергеу мәліметіне сәйкес, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін оның жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталып, тергеу изоляторына қамалды.
Соттың алдын ала талқылауында жәбірленушілердің бірі кешірім беруі мүмкін екені хабарланды.
Марқұмдардың туыстары Александр Пакты кешірді.