Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартады – адвокат
Келесі сот отырыстарына ол қатысқысы келмейді.
Астана сотында қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Сот кулуарында марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнелдің адвокаты журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов оның жәбірленуші мәртебесінен анасының пайдасына бас тартатынын айтты.
Әділет жәбірленуші мәртебесінен анасының пайдасына бас тартады. Қазір ол бұған келісіп отыр. Әзірге тиісті өтінішті берген жоқпыз, бірақ оны беруді жоспарлап отырмыз. Заңда жәбірленушінің мүддесін басқа тұлғаның білдіру мүмкіндігі қарастырылған. Келесі сот отырыстарына ол қатыспайтындай етіп сұраймыз, – деді Мұрат Мауметов.
Журналистер тараптар арасында мүлікке қатысты шешілмеген дау бар-жоғын да сұрады. Мұрат Мауметов тараптардың арасында мұндай мәселе қалмағанын айтты.
Барлығы ерікті түрде және барлық тараптың келісімімен шешілді. Мүліктік дау ерікті тәртіппен реттелді, – деді ол.
Адвокат бұл мәселеге қатысты нақты қандай шешім қабылданғанын түсіндірмеді.
Сонымен қатар журналистер Әділет Зейнелдің жеке өміріне қатысты сұрақтар қойды. Алайда адвокат бұл сұрақтарға жауап беруден бас тартып, өзінің клиентінің мүддесін тек қылмыстық іс аясында қорғайтынын айтты. Сондай-ақ ол клиентіне журналистермен сөйлеспеуге кеңес берген.
Айта кетейік, заң бойынша Әділет Зейнел Ұлдана Мырзуан қайтыс болған кезде оның заңды күйеуі болған. Кейін ол қайта үйленген. Бұған дейін жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбеков Әділет Зейнелдің заң бойынша жәбірленуші мәртебесінен айырылмайтынын айтқан еді.
Заң бойынша Зейнел Әділет Ұлдана қайтыс болған кезде оның заңды күйеуі болды. Кейін қайта үйленді. Заң бойынша ол мәртебесінен айырылмайды. Бірақ моральдық тұрғыдан бұл шешімді дұрысырақ деп ойлаймыз, – деді Нұрсұлтан Орынбеков.
Бүгін Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы өтіп жатыр.
Сондай-ақ, Ұлдана Мырзуан ісіне қатысты адвокат пікір білдірді.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2025 жылғы қарашада Астанадағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбеті опырылған кезде болған. Қасбеттегі кірпіш пен кондиционердің ілгіші төменге құлап, бес адам жарақат алған. Олардың екеуі медицина қызметкері болды.
Жарақат алған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін 18 қарашада алған жарақатынан көз жұмды.
Астанадағы медколлежде марқұм фельдшердің құрметіне арнайы сынып ашылатынын Денсаулық министрі мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ Президент қаза тапқан фельдшерді «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.