+45°C-қа дейінгі аптап ыстық пен жаңбыр: 2026 жылы Қазақстанда жаз қандай болады?
Қазақстан аумағы бойынша 2026 жылғы жаз мезгіліне арналған ауа райы болжамы жарияланды.
Жаз мезгілі – ауа температурасы жоғарылап, атмосфералық белсенділік күшейетін кезең. Бұл уақытта аптап ыстық, өткінші жауын-шашын, нөсер, найзағай, бұршақ және екпінді жел жиі болады.
«Қазгидромет» РМК мамандары қазақстандықтар үшін 2026 жылдың жазы қандай болатынын хабарлады.
Температуралық ауытқулар мен аномальді ыстық
Биылғы маусым айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтілуде. Тек елдің шығысы мен қиыр солтүстік-батысында ғана температура үйреншікті норма шамасында сақталады.
Маусым айының басты ерекшелігі – ауа температурасының күрт ауытқуы. Күндізгі көрсеткіштер +30...+38°С-тан +15...+20°С-қа дейін төмендеп отырады. Дегенмен, нағыз сынақ оңтүстік өңірлерде болмақ: мұнда кей күндері аптап ыстық +40...+45°С-қа дейін жетуі мүмкін. Айдың алғашқы онкүндігінде солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда түнгі уақытта үсік жүру ықтималдығы сақталады.
Шілде айы жаздың ең тұрақты кезеңі болады деп болжануда. Ауа температурасы көпжылдық норма шамасында болып, орташа ыстық ауа райы орнайды. Ал тамыз айында ыстық қайта күшейіп, елдің басым бөлігінде температура нормадан 1-2°С жоғары болады.
Жауын-шашын
Жаз мезгілінде жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде орташа деңгейде болады. Алайда, ыстық толқындардың келуі атмосфералық белсенділікті арттырып, келесі құбылыстардың жиілеуіне әкеледі:
-
Өткінші нөсер жаңбыр мен найзағай;
-
Бұршақ жаууы;
-
Дауылды және екпінді жел.
Құрғақшылық қаупі бар аймақтар: Маусым айында оңтүстік-батыста, солтүстік пен орталықтың кей аудандарында жауын-шашын тапшылығы сезіледі.
Шілдеде бұл тізімге батыс және оңтүстік-шығыс өңірлері қосылса, тамызда орталық пен шығыстың кей аудандарында құрғақ ауа райы сақталады.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер мамыр айындағы ауа райын болжады.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жаз ыстық болатынын айтты.
Тағы оқи отырыңыздар:
Щучинскіде мамыр айында қар жауды