326 компания, триллиондаған теңге: «Самұрық-Қазына» қандай активтерді басқарады?
Мұнай мен газдан бастап, уран мен теміржолға дейінгі стратегиялық активтерді басқаратын «Самұрық-Қазына» қорының қарамағында қандай компаниялар бар?
«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты күдікпен ұсталғаны қоғамда үлкен резонанс тудырды. Мемлекет басшысы бұл жағдайды мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі оқиға деп бағалады. Тергеу енді басталғанын да атап өтті.
Алайда бұл оқиға тек екі басшының төңірегіндегі мәселемен шектелмейді. Өйткені «Самұрық-Қазына» – Қазақстанның стратегиялық активтерін басқаратын, экономикадағы орны ерекше алып құрылым. Оның жұмысына қатысты сұрақтар бұған дейін де талай рет көтерілген. Ал қордың ішінде көпшілік біле бермейтін қандай активтер бар? Оның табысы қайдан қалыптасады? Ең бастысы, ұлттық байлықты басқарудың нәтижесін халық қаншалықты сезініп отыр? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің шолуында.
326 компанияны біріктірген алып құрылым
«Самұрық-Қазына» қоры 2008 жылы құрылған. Жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі. Яғни бұл – жеке тұлғаға емес, мемлекетке тиесілі активтерді басқаратын құрылым.
Қордың портфелінде ел экономикасының негізгі салаларында жұмыс істейтін ірі компаниялар бар. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком», Air Astana, KEGOC, QazaqGaz және «Қазпошта» бар.
Қордың қызметі Қазақстан аумағымен де шектелмейді. Оның еншілес құрылымдары арқылы Румыниядағы Petromidia және Vega мұнай өңдеу зауыттары, Грузиядағы Батуми мұнай терминалы сияқты шетелдік активтер басқарылады.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, қор тобы алты басқару деңгейіне бөлінген 326 компанияны біріктіреді. Бұл – бірнеше ұлттық компанияны ғана емес, күрделі корпоративтік жүйені басқару деген сөз.
2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қор тобының активтері 46,7 триллион теңгеге жетті. Осы кезеңдегі түсімі 10,25 триллион теңге, таза пайдасы 1,74 триллион теңгені құрады. Сонымен қатар жалпы міндеттемелері 18,86 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде қарыз қаражаты шамамен 8,94 триллион теңге. Демек, табысы мен активтері өскенімен, қордың қаржылық міндеттемелері де аз емес.
Ұлттық байлықтан түсетін табыс кімге жұмыс істейді?
Қордың негізгі табысы мұнай, газ, уран, теміржол, энергетика және басқа да стратегиялық компаниялардың қызметінен қалыптасады. Компаниялар өнім сатып, қызмет көрсетіп, пайда табады. Оның бір бөлігі қорға дивиденд ретінде аударылады. Бұған қоса, қордың инвестициялық және өзге де кірістері бар.
Аудит нені анықтады?
2025 жылы Жоғары аудиторлық палата қор қызметіне аудит жүргізіп, бірқатар жүйелі кемшілікті анықтады.
2020-2024 жылдары қор тобында 23 әрекетсіз компания болған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен жұмыс істеген. Ал 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін жоспарланған 175 инвестициялық жобаның тек 49-ы ғана аяқталған.
Аудит нәтижесінде 122,2 миллиард теңге көлемінде тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері, 351,8 миллион теңге қаржылық бұзушылық анықталған. Сонымен қатар 119 жүйелік кемшілік тіркелген.
Бұл сомаларды ұрланған ақша деп түсінуге болмайды. Аудиторлар 122,2 миллиард теңгені тиімсіз жоспарлау мен пайдалану санатына жатқызған. Бірақ осындай ауқымды құрылымда жобалардың уақытында аяқталмауы мен бірқатар компанияның шығынға батуы басқару сапасына қатысты сұрақ туғызады.
Ұлттық холдингке гольф клуб не үшін керек?
Қордың қоғам назарын аударған активтерінің бірі – Бурабайдағы гольф клуб. Кешен 103 гектар аумақты алып жатыр. Оның құрамында 18 шұңқырлы гольф алаңы, 43 бөлмелі қонақүй және SPA орталығы бар.
Нысанды QazaqGaz-дың еншілес құрылымы – «KazMunayGas-SERVICE NS» компаниясы басқарады. 2021 жылдың соңына дейін кешен құрылысына 19,4 миллиард теңге жұмсалған.
Алайда компанияның қаржылық есебі көңіл аудартады. 2023 жылы ол 565,8 миллион теңге, 2024 жылы 444,3 миллион теңге шығын көрсеткен. Ал 2025 жылы QazaqGaz аталған еншілес компанияның капиталына қосымша 488 миллион теңге салған.
Қор жұмысына қатысты тағы бір мәселе – басқарушы құрамның табысы. 2024 жылы «Самұрық-Қазына» мен оның еншілес ұйымдарының директорлар кеңестері мен басқарма мүшелеріне төленген жиынтық сыйақы 7,687 миллиард теңгені құраған.
Мемлекет басшысы да бұл мәселеге бірнеше рет назар аударған. 2022 жылы қорды түбегейлі реформалау қажеттігін айтып, сатып алу жүйесінің ашықтығын, кадрлық саясат пен инвестициялық жобалардың тиімділігін сынға алды.
Ал 2026 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында ұлттық компаниялардағы басқарушы кадрлардың шамадан тыс көбейгенін айтып, «Қосшыдан басшы көп» деген еді. Президенттің сөзінше, кейбір басшылардың жұмыс жүктемесі жеткіліксіз, олар уақытын қонақүйлерде отырып, әлеуметтік желілерде пікір алмасумен өткізеді.
Қарашадағы ұстаулардан кейін Президент мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық мәселесін тағы көтерді. Ол мұны аса күрделі жағдай деп атап, тергеу жұмысы енді басталғанын еске салды. Ұсталған адамдардың кінәсі сот шешімімен анықталуы тиіс.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.
Тағы оқи отырыңыз:
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталды: Олар кім және Президент бұған дейін қандай сын айтқан?
Мәртебе құтқармайды: «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты сарапшылар не айтты?
«Самұрық-Қазына» АҚ қызметін штаттық режимде жалғастыруда
Нұртөре Жүсіп: Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті