100-ден астам адам лайнерде норовирус жұқтырды
АҚШ-тағы круиздік лайнерде ондаған жолаушы мен экипаж мүшесінен ішек инфекциясы анықталды.
Caribbean Princess лайнерінде норовирустан туындаған ішек инфекциясының өршуі тіркелді. Лайнер Princess Cruises компаниясына тиесілі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ауру жұқтырғандар саны
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) мәліметінше, B612 рейсі 2026 жылғы 28 сәуір мен 11 мамыр аралығында өткен. Алғашқы науқастар туралы 7 мамырда белгілі болған.
Сапар барысында жедел гастроэнтеритке тән белгілерге 3116 жолаушының 102-сі және экипаждағы 1131 адамның 13-і шағымданған. Ауырған адамдарда диарея мен құсу байқалған. Алдын ала мәлімет бойынша, індеттің таралуына норовирус себеп болған.
Норовирус деген не?
Норовирус – жедел ішек инфекцияларын тудыратын ең кең таралған вирустардың бірі. Ол адамнан адамға өте тез жұғады, әсіресе адамдар көп жиналатын орындарда, соның ішінде круиздік лайнерлерде. Инфекция адамның жағдайын күрт нашарлатып, құсу, іш өту, іштің ауыруы және кейде дене қызуының көтерілуімен сипатталады.
Лайнерде қандай шаралар қабылданды?
Кемеде санитарлық шаралар күшейтілген. Қосымша дезинфекция жүргізіліп, науқастар оқшауланған және талдау үшін биоматериалдар алынған. Сонымен қатар экипаж санитарлық бақылау мамандарымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Олар жағдайды тексеруге және кемедегі ахуалды бағалауға кіріскен.
Мұндай ішек инфекциялары круиздік лайнерлерде ара-тұра тіркеліп тұрады. Сондықтан мұндай жағдайлар аурудың таралу көзін тез анықтап, індеттің әрі қарай жайылуына жол бермеу үшін міндетті бақылауға алынады. CDC мәліметінше, бұл – 2026 жылдың басынан бері АҚШ круиздік кемелерінде тіркелген төртінші індет. Мысалы, наурыз айында норовирусты 141 жолаушы мен 52 экипаж мүшесі жұқтырған.
Еске салайық, бұған дейін туристер мінген кемеде хантавирус тарап жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметі бойынша, кемеде жеті адамнан ауру анықталған: олардың үшеуі көз жұмған, бір адам ауыр жағдайда жатыр, тағы үшеуі ауруды жеңіл түрде өткеріп жатыр.
Белгілі болғандай, індет туралы ақпарат тарамай тұрып шамамен 40 адам кемеден түсіп кеткен. Қазір әлемнің әртүрлі елдері зардап шеккен жолаушылардың қайда жүргенін анықтауға тырысып жатыр.