4 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Аргентинадан Кабо-Верде қаласына Атлант мұхиты арқылы аттанған голландиялық MV Hondius круиздік кемесінде хантавирустың шыққанын жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бірқатар жолаушылардан ауыр респираторлық аурудың белгілері байқалған. Сондай-ақ ДДСҰ хантавирус жұқтырды деген күдікпен MV Hondius круиздік кемесінен үш жолаушы эвакуацияланып, Нидерландыға емделуге жіберілгенін нақтылады.
Хантавирустың белгілерінің қатарына температураның күрт көтерілуі, көздің ағының қызаруы, әлсіздік, бас ауруы, қалтырау және бұлшықеттердің ауырсынуы жатады. Кейінірек науқастан кеуденің жоғарғы бөлігі, бастың және мойынның қызаруы сынды белгілер анықталады.
Газета.ru басылымы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аталған круиздік кемеден хантавирус анықталғаннан кейін халықтың денсаулығына төнетін қауіп деңгейі төмен екенін хабарлағанын жазады.
Бұл туралы Х әлеуметтік желісінде ұйым басшысы Тедрос Аданом Гебрейесус мәлімдеді.
Бұл кезеңде халықтың денсаулығына төнетін жалпы қауіп деңгейі төмен, – деп жазды ол желіде.
Ол ДДСҰ жолаушылар мен экипаж мүшелерінің денсаулығын бақылау үшін кеме операторларымен қоян-қолтық әрекет етіп жатқандарын да айтты. Халықаралық ұйым науқастардың тиісті медициналық бақылауын қамтамасыз ету және қажетті эвакуацияны ұйымдастыру үшін осы оқиғаның қатысы бар елдермен әріптестікте байланыс орнатқандарын да жеткізді.