АМӨЗ: Мұнай өнімдерінің тапшылығы болмайды

18 Қыркүйек 2024, 19:32
420
Бөлісу:
АМӨЗ: Мұнай өнімдерінің тапшылығы болмайды
Фото: kmgrm.kz

1-қазан күні Атырау облысындағы мұнай өңдеу зауытында жоспарлы алдын алу жұмыстары басталады. Технологиялық жабдықтар мен құбырлардың өнеркәсіптік қауіпсіздігін техникалық куәландыру, тексеру және сараптау жөніндегі іс-шаралар кешені жүргізілмекші. Соған қарамастан, өңірде тапшылық болмайды дейді жауаптылар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары – бұл технологиялық қондырғылардың алдағы уақытта да қауіпсіз қызметін қамтамасыз ету, жабдықтың тұрақты жұмыс істеуін қадағалау және өндіріс тиімділігін арттыру үшін мұнай өңдеу зауытында өткізілетін қалыпты процедура.

Бұл жұмыс Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау туралы» заңының талаптарына, сондай-ақ ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспар-кестесіне сәйкес жүргізілмекші.

Сондай-ақ зауыт жұмысы уақытша тоқтаған кезде реакторлық жабдықтың катализаторларын ауыстыру жоспарланған. Жоспарлы алдын алу жұмыстарына 2000-нан астам қызметкер, 70-ке жуық арнайы техника жұмылдырылатын болады.

Жанар-жағармай материалдарының ішкі нарығындағы тұрақты жағдайын сақтап тұру мақсатында Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнай өнімдерін бүкіл желісі бойынша жеткілікті қор көлемі жинақталып жатыр. Мұнай өнімдері ҚР Энергетика министрлігінің жеткізу кестесіне сай ішкі нарыққа біркелкі жөнелтілетін болады,- дейді «Атырау мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баспасөз қызметінің жетекшісі Райымбек Жәнібеков.

Тапшылық болмас үшін АМӨЗ қазірдің өзінде 408 тонна болатын қосымша қор дайындап қойған. Одан өзге қазан айында Атырауға Батыс Қазақстан облысынан 2490 тонна, Ақтөбе облысынан 4122 тонна сұйытылған мұнай газы жеткізіледі.

Өзгелердің жаңалығы