Профессионалдар. Дипломат.

30 Наурыз 2019, 13:28
17207
Бөлісу:
Профессионалдар. Дипломат.
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Баспасөз қызметінің екінші хатшысы Нұрлан Ермекұлы Мейірмановпен сұхбат.

- Неліктен дипломатиялық қызметті таңдадыңыз?

- Дипломат мамандығын таңдау себебім - бала кезімнен бастап география мен тарих пәндерін оқуға, мемлекеттердің астаналарын және жалауларын жаттауға әуес болатынмын. Жоғары сыныптарда оқыған кезде әкеммен бірге жаңалықтарды және газеттерден саясат пен халықаралық оқиғалар туралы жаңалықтарды үнемі оқып тұрдым.

Дипломатия - елдерді, тарихты және әлемде болып жатқан оқиғаларды зерттеумен тікелей байланысты. Демек, мен үшін бұл үш пән бірегей болды. 10-шы сыныпта оқыған кезде дипломат боламын деп өзіме мақсат қойып, мектепті бітіргеннен кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түстім. Оны бітіргеннен соң, Ұлыбританиядағы Манчестер университетінде Халықаралық саясат мамандығы бойынша магистратураны бітірдім.

- Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеу үшін жас мамандарға қандай талап қойылады?

- Әрине біріншіден, білімі сәйкес болу қажет. Лауазымдық талаптарға сәйкес, халықаралық қатынастар, құқық, экономика, саясаттану және тағы басқа ұқсас мамандықтар бойынша тиісті білім және диплом қолда болу қажет.

Ал жалпы алғанда, менің ойымша, дипломат болғысы келетін жас маман үшін қолдағы дипломның бар болуы, шет тілдерін және сыртқы саясат мәселелерді білумен шектелмейді. Дипломат ең алдымен өз елінің патриоты болуы тиіс. Бұл өте маңызды. Оның үстіне, жан-жақты болу қажет. Мысалға өз және өзге елдерде не болып жатқанынан бастап, әлемдегі музыка, өнер, спорт сияқты жаңалықтарды жақсы білу тиіс. Адамдармен жеңіл тіл табыса алу қабілеті де, этикет деңгейі де жоғары болу керек. Мұндай қасиеттер дипломатияда үлкен маңызға ие. Олар, келіссөздер барысында және басқа да кез келген өмірлік жағдайларда дипломатка әрқашан көмектеседі.

- Дипломатиялық қызметте қай уақыттан бері жұмыс атқарып жатырсыз? Қай елдерде дипломатиялық қызмет атқардыңыз? Міндеттеріңіз қандай болды?

- 2015-2018 жылдар аралығында Қазақстанның Сингапурдағы Елшілігінде үшінші хатшы лауазымында қызмет атқардым.

Меніңше, алғашқы махаббат сияқты, әр дипломат үшін - алғашқы ұзақмерзімді іс-сапары ешқашан ұмытылмайтын сәттердің бірі. Еліміздің мүдделерін Сингапурда ілгерілету - мен үшін өте жауапты қызмет болды және бұл - үлкен мақтаныш. Көп тәжірибе жинап, отаныма жаңа, позитив әсермен оралдым.

Сингапурдың бұрынғы Премьер-министрі Го Чок Тонг

Сингапурлық достарым және таныстарым мені «Chief of Propaganda», немесе қазақшаға тікелей аударғанда - «пропаганда жетекшісі» деп әзілдеп атаған. Неге десеңіздер, менің елшіліктегі негізгі міндеттерімнің қатарына - ақпараттық және имидждік-насихаттау жұмыстары, сингапурлық БАҚ-тармен байланыстар орнату, еліміздің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық бастамаларын жергілікті саяси, іскер және академиялық топтар арасында ілгерілету міндеттері кірген. Одан бөлек, Сингапурдың сыртқы саясатының негізгі оқиғаларына тұрақты мониторинг және талдау жасау, екі ел арасындағы білім және туризм ынтымақтастығын дамыту, Қазақстан мен Жаңа Зеландия арасындағы ынтымақтастық мәселелері кірген болатын.

- Дипломатиялық қызметіңізде қызықты әлде толқытатын эпизодтар болды ма?

Әрине бар. Мысал ретінде, Елшілікте жұмысымның қызықты және есте қаларлық эпизодтардың бірі ретінде мен Қазақстаннан Сингапурға кезекті жоғары делегация келген болатын. Оның аясында маған Сингапур басшылығымен, соның ішінде елдің Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен және бірнеше айдан соң Сингапур Президенті болып сайланған Парламент спикері Халима Якобпен кездесулерде аудармашы ретінде қызмет атқаруға міндет қойылды.

Әрине болды. Мысал ретінде, елшілікте жұмысымдағы қызықты әрі есте қаларлық эпизодтардың бірі ретінде келесі оқиғаны айтар едім. Қазақстаннан Сингапурға кезекті жоғары делегация келген болатын. Оның аясында маған Сингапур басшылығымен, соның ішінде - елдің Премьер-Министрі Ли Сянь Лун және - бірнеше айдан соң Сингапур Президенті болып сайланған Парламент спикері Халима Якобпен кездесулерде аудармашы ретінде қызмет атқаруға міндет қойылды. Мұндай жоғары деңгейде аударма жасау мен үшін алғашқы тәжірибе болып, жұмысыма және отаныма қызмет етуге үлкен сенім берді.

- Бүгінде үш тіл (қазақ, орыс, ағылшын) білген түк болмай қалды. Ал сіз тағы қай тілде еркін сөйлей аласыз?

- Дұрыс айтасыз. Мысалы, осыдан 10-15 жыл бұрын ағылшын тілін жетік білу өте сирек кездесетін құбылыс болса, қазіргі кезде ағылшын тілінде еркін сөйлеумен біздің қоғамда ешкімді таңғалдыра алмайсын, әсіресе Сыртқы істер министрлігінде. Өзім де ағылшын тілінде еркін сөйлеймін. Басқа тілдер туралы айтсам, мектепте және университетте араб тілін оқыған болатынмын. Бірақ, тиісті практика болмағандықтан оны ұмытуға мәжбүр болдым. Дегенмен, бұл әдемі тілде еркін сөйлеу менің арманым, оған жетуге алдағы уақытта күш-жігерімді саламын. Сондай-ақ испан немесе итальян тілін меңгеру бойынша жоспарларым бар.

- Елшіліктегі дипломатиялық қызметкерлер өзі аккредиттелген елдегі Қазақстан азаматтарына көмек көрсетеді. Сіз аккредиттелген елдерде қандай жағдайлар болды? Азаматтарымызға қандай көмек көрсете білдіңіз?

Сирия жөніндегі кездесу

- Қазақстан азаматтарының шет елдерде мүдделерін ілгерілету және шетелде көмек көрсету еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Біздің азаматтар түрлі проблемаларға тап болған кезде оларға консулдарымыз әрдайым көмек көрсетеді. Бұған жүздеген мысалдар келтіруге болады. Өз тәжірибемде, Сингапурда жұмыс істеген кезде, 10 ай консул міндетін уақытша атқарғанмын. Сол кездегі есте қаларлық сәттердің бірі - жергілікті полиция қызметкеріне пара ұсынамын деп ұсталған бір Қазақстан азаматы болды. Белгілі болғандай, Сингапурда жемқорлыққа қарсы заңдар өте қатан. Ұсталған азаматымызға 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылу және үлкен айыппұл салу қауіпі төнген болатын. Оны қорғау үшін адвокат тауып және сингапурлық сот органдарының өкілдерімен бірнеше келіссөздер жүргізгу нәтижесінде, оған ең минималды мерзім беріліп, түрмеден 21 күннен босатылды.

- Жақында шыққан «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» кітабындағы жас дипломаттардың сұхбаты жарияланған кейіпкерлер қалай іріктелді? Қандай критерийлер болды?

- «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» атты жобаға Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында және шетелдік мекемелерінде қызмет атқаратын жас дипломаттар қатысты. Оған тек 26 жас дипломат іріктенген. Неге тек 26-сы кіріп отыр десеңіз, себебі бұл жобаның басты идеясы ретінде еліміздің дипломатиялық қызметінің орнағанына 26 жылдық мерейтойын атап өту мақсатында іске қосылған болатын. Сондықтан тек 26 жас дипломаттар туралы сұхбат жарияланған. Дегенмен, біздің Министрлікте жұмыс істейтін жас дипломаттардың саны өте көп. Жобаға қатыспаған немесе іріктелмеген жас дипломаттар кітапта атап өтілген дипломаттардан кем деп айтуға мүлдем болмайды. Министрлікте лайықты жас дипломаттар саны әрине 26-дан бірнеше есе көп деп сеніммен айта аламын.

- Қазақстанның дипломатиялық саясатын салыстырмалы түрде сипаттап бере аласыз ба және 2030 жылға дейін қандай дәрежеде болуы мүмкін?

- Тәуелсіздік алғаннан бері қысқа мерзім ішінде Елбасы және еліміздің бірінші дипломаты Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның сыртқы саяси жетістіктері мен бастамалары біздің өңірімізде ғана емес, бүкіл әлемге белгілі. Әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, түрлі халықаралық маңызы бар бастамалар мен ең жоғары деңгейдегі саммитерді өткізуден бастап, БҰҰ Кауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болу Елбасымыздың көреген сыртқы саясатының айқын нәтижесі.

2030 жылға таман Қазақстанды әлемнің озық елдерінің қатарында гүлденген ел ретінде, ал елордамызды әлемдік дипломатияның маңызды орталықтарының бірі ретінде көремін.

Өзгелердің жаңалығы