Аманжол Әлтай өзіне шағыммен келген қариялардың мәселесін айтып берді

28 Ақпан 2024, 11:59
405
Бөлісу:
Аманжол Әлтай өзіне шағыммен келген қариялардың мәселесін айтып берді
Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай өзіне келген шағым жайлы айтып, Бас прокуратураға сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Таяуда ғана қоғамдық қабылдауда маған егде жастағы ата мен әже өтінішін айтып келді. Жалғыз ұлы ішкі істер саласында жұмыс істеп, қаза тапқан. Артында қалған жалғыз немересі жасөспірім кезінде құқық бұзуға жол беріп алған. Бірақ қазір бірнеше жылдан бері өнегелі еңбек етіп жатыр екен. Бала кезінен немересінің арманы – әкесінің жолын жалғап, ішкі істер саласында қызмет ету. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінде немересінің ішкі істер саласына қызметке кіруге ешқандай мүмкіндігі жоқ екен. Осыны заң тұрғысынан қалай шешуге болады?, – деп сұрады Аманжол Әлтай.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев депутат көтерген мәселеге қатысты ойын айтты.

«Құқық қорғау қызметі туралы» заңның 6-бабына сәйкес тек қана теріс қылық жасағаны үшін және әкімшілік құқық бұзушылығы үшін жұмысқа 3 жыл өткен соң жұмысқа ала аламыз. Ал қалған қылмыстар бойынша, мысалы, ауырлығы орташа, ауыр, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталған болса немесе ол туралы ақтайтын емес негіздер бойынша қылмыстық қудалау қысқартылса, онда ондай адамдар құқық қорғау қызметіне кіре алмайды. Оны қарау керек. Егер теріс қылық жасаса, онда 3 жыл уақыт өткеннен кейін жұмысқа кіре алады. Ал басқа қылмыстар жасаған болса, онда оны құқық қорғау саласына жұмысқа ала алмаймыз, - деп жауап берді Шындалиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Өзгелердің жаңалығы