AMANAT-тың партиялық тізімі 75 пайызға жаңарды - Қошанов

3 Ақпан 2023, 15:54
1460
Бөлісу:
AMANAT-тың партиялық тізімі 75 пайызға жаңарды - Қошанов
Фото: Мәжіліс

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ.

AMANAT-тың мәслихаттарға партиялық тізімдері 75 пайызға жаңарды. AMANAT-тың өңірлік және аумақтық филиалдар конференцияларының қорытындысы бойынша партиядан облыстардың, Алматы, Астана және Шымкент қалаларының мәслихаттарына тізімдер бекітілді. Сондай-ақ, облыстық және аудандық мәслихаттарға бірмандатты округтер бойынша кандидаттар ұсынылды, - деді Мәжіліс спикері.

Оның айтуынша,  AMANAT партиясы өз кандидаттарын барлық депутаттық мандатқа, яғни барлық деңгейдегі 223 мәслихатқа ұсынады.

Осылайша, жаңа сайлау заңнамасына сәйкес партиялық тізімдер бойынша 740 адам және бірмандатты сайлау округтері бойынша 3081 адам ұсынылды. Барлығы 3821 үміткер, - деді Қошанов. 

Қошановтың атап өтуінше, партиялық тізімдерде 20 өңірлік мәслихатта «жаңа есімдердің» үлесі – 75 пайыз. Оның ішінде әйелдер – 31 пайыз, 29 жасқа дейінгі жастар – 23 пайыз. Үміткерлердің орташа жасы – 46.

Олардың арасында кәсіпкерлік, білім және ғылым, азаматтық сектор, ауыл шаруашылығы, мәдениет, денсаулық сақтау және БАҚ саласының өкілдері басым.   Аудандық және қалалық мәслихаттарға бірмандатты сайлау округтері бойынша партиядан 2747 кандидат ұсынылады. Талдауға сәйкес, кандидаттардың ішінде әйелдердің үлесі – 28 пайыз , 29 жасқа дейінгі жастар 23 пайыз. Олардың орташа жасы – 48. Сонымен қатар, партиядан ерекше қажеттілігі бар 56 адам сайлауға түседі, - деді Мәжіліс төрағасы.

Ол партия ұсынған кандидаттардың жартысынан көбі бұған дейін қалалық және аудандық мәслихаттарда депутат болмағанын атап өтті. 

Мемлекет басшысы мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буыны болуы тиіс екенін айтқан болатын. Партиялық тізім бойынша да, бірмандатты округтерде де біз ұсынған кандидаттар – өз ісінің маманы, халықтың игілігі үшін жұмыс істеуге дайын патриоттар. AMANAT партиялық тізімдерінің жаңаруы былтыр басталған партияны терең трансформациялаудың нәтижесі деуге толық негіз бар. Алдағы сайлау науқанына AMANAT жаңа мақсат-мүддені көздеп бармақ. Оның басты миссиясы – Президентіміздің қоғамдық тірегі болу және Әділетті Қазақстанды құру. Біз ашық саяси бәсекеге дайынбыз! Халық ашық дауыс беру арқылы ең лайықтыны таңдайды,  - деді ол желідегі жазбасында. 

Өзгелердің жаңалығы