«Amanat» атауы көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамын – Айболат Жәудір

2 Наурыз 2022, 15:45
1957
Бөлісу:
«Amanat» атауы көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамын – Айболат Жәудір

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Айболат Жәудір хабарлады. 

Кеше өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІІ съезіне делегат ретінде қатыстым. Партия атауының «Amanat» болып өзгеруі заман талабына сай, көпшіліктің көңілінен шықты деген ойдамын. Қазақта «Аманатқа қиянат жасалмайды» деген игі сөз бар. «Елу жылда ел жаңа» демекші, замана көшіне сай бәрі өзгереді. Өзгерістер еліміздің әрі қарай қарыштап дамып, алға қадам басуы үшін ықпал етеді деп сенемін, - деді өнер ордасының басшысы. 

Сондай-ақ ол съезде айтылған мәселелердің барлығы орынды деп отыр. 

Қазіргі таңда қағазбастылық, бюрократия сынды проблемалар мемлекеттік жүйеде болып жатқан мәселелер екені анық. Енді алда 16 наурыз күні болатын Президент Жолдауынан елдің экономикалық дамуы айқындалады деп күтеміз. Партия қашан да халыққа жақын болуы тиіс. Сонымен қатар жаңадан «Amanat» деген киелі атауды арқалаған саяси партияға жастарды көбірек тартқан абзал деп санаймын. Себебі мемлекеттің дамуына жол ашып, ел іргесінің іргелі болуы жастарымыздың қолында, - деп атап өтті Айболат Жәудір. 

Өзгелердің жаңалығы