АЛЖИР: Азап пен үрей

31 Мамыр 2022, 10:25
4611
Бөлісу:
АЛЖИР: Азап пен үрей
PHOTO
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. АЛЖИР – Отан сатқындары әйелдеріне арнап 1937 жылы салынған Ақмола лагері. Онда тұтқында отырғандар егін егіп, мал бақты, құрылыс жұмыстарымен айналысты, тігін тікті.

Халық жауларының әйелдеріне арналған Ақмола лагері елордаға 40 шақырым жердегі Ақмол ауылында орналасқан. Ауыл бұрын Малиновка деп аталатын.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Кейін тұрғындар «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагерін» АЛЖИР (Акмолинский лагерь жён изменников Родины) деп атап кеткен. Қарағанды лагерінің «26-нүктесі» болып құрылған тозақ орталығында мемлекет және қоғам қайраткерлерінің зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.

АЛЖИР. Жүректі жылатар жәдігер

Лагерьде тозақтан өткендерге Қарлаг жүйесінің барлық лагеріне арналып «Көз жасы» ескерткіші орнатылған. 

АЛЖИР: Азап пен үрей

Стела лагерь тозағын көргендерге арналған. Онда бұрынғы КСРО территориясында орын тепкен ГУЛАГ-тың картасы бейнеленген. Сондай-ақ Қазақстанның аумағында орналасқан Қарлагқа бағынысты 11 лагердің атауы жазылған. 

АЛЖИР: Азап пен үрей

Тікенді сымның аржағындағы әйелдер мен балалардың қасіретті тағдыры көрініс тапқан. Яғни тоталитаризм машинасы адамдарды аяусыз жазалаған Қазақстан картасындағы 11 қорқынышты нүкте. АЛЖИР – ең танымалы. 

АЛЖИР тозағына 62 ұлттың өкілі түскен. Сол себептен музейде репрессия кезінде отандастары зардап шеккен елдердің үкіметтері қалдырған естелік белгілер бар. Ресми деректер бойынша әр жылдары Ақмола лагерінде барлығы 18 мыңнан астам әйел тұтқында болған.

АЛЖИР: Азап пен үрей

«Сталиндік вагонды» халық «Краснуха» («Қызылша») деп те атап кеткен. Тауар тасымалына арналған мұндай вагондарда 30-жылдары қамауға алынғандар тасымалданды. Ал саяси тұтқандардың өздері оны «бұзау вагоны» деп атаған. Өйткені оларға вагонда мал сияқты қараған. Жуынатын орын да, жарық та болмаған. Одан қалса 46 адам сыятын вагонға 70-тен астам тұтқынды отырғызған.

АЛЖИР: Азап пен үрей

АЛЖИР-дің ГУЛАГ-тың басқа лагерлерінен бір ерекшелігі бар. Мұнда тұтқын әйелдер баспаналарын саз бен сабаннан өздері салған. Ал олар осы баспаналарда темір кереуеттерде ұйықтады.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Барақ – ол «антикеңестік әрекеттерге баратын әлеуметтік қауіпті» деп танылған тұтқын әйелдер тұрған үй. Қысқы мезгілдерде баспананың даладағы аяздан бірнеше ғана градусқа айырмашылығы болды.

«АЛЖИР» залы ақмолалықтар лагерінің тарихына арналған.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Жер аудару – тұтас халыққа жүргізілген жаппай саяси қуғын-сүргін саясатын көрсетеді. Қазақстанға 1,3 млн-нан аса адам мәжбүрлеп қоныстандырылды. Қазақстанға жер аударуға немістер, түріктер, корейлер, поляктар, шешендер, қырым татарлары ұшырады. Адамдар Қазақстанға мәжбүрлеп әкелінгенімен, олардың көпшілігі оны екінші отаным деп есептеді.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Барақтың ішінде «АЛЖИР» тұтқындарын балаларынан айыру» диорамасын көруге болады. Мұнда дүниеге келген балалар аз емес, шамамен 1,5 мың. Тұтқын әйелдердің бірі жұмысым жеңілдесін деп жүктілікке саналы түрде барса, енді бірі зорлық-зомбылықтың құрбаны болды. Бала 3 жасқа толғанда оны анасынан айырып, балалар үйіне жіберетін. Лагерьден шыққаннан кейін балаларын тапқандар аз.

АЛЖИР: Азап пен үрей

7 620 фамилия 30-40 жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, осы АЛЖИР-ге түскен қыз-келіншектердің толық тізімі емес. Бұл адамның барлығы осы жерде қайтыс болған. 

АЛЖИР: Азап пен үрей

Мемориалдық кешеннің басты символы – қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Қасірет қақпасы» монументі. Ол өлілер мен тірілер арасындағы қақпаны білдіреді. Оның астымен өткен әр адам бас иіп, жазықсыз жазым болғандардың рухына тағзым етеді.

Монумент қайтыс болған күйеуі мен жоғалтып алған балалары үшін қайғырған әйелді бейнелейді.

АЛЖИР. Тұтқындар тарихы

АЛЖИР. Әр әйелдің тағдыры – жеке қайғы. 

Шафиға Нұралина. 

Тағдыры тауқыметке түсіп, АЛЖИР-дің азабын шеккендердің бірі. 1914 жылы Павлодар облысының Баянауыл өлкесінде туған. 1938 жылдың 10 маусымында НКВД-ның арнайы қаулысымен Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жылға сотталды. Карлагта 1938 жылдың 9 тамызынан 1946 жылдың 18 наурызына дейін болады. Үйіне баруға рұқсат берілмейді, себебі паспортында «23» деген белгі болды. Бұл 23 қалаға баруға рұқсат жоқ деген белгі болатын. Соның ішінде Павлодар қаласы да бар. 1946 жылы Шафиға Нұралина «АЛЖИР»-ден босатылып, Ақмолаға келді. Сол қалада Әлімбетов Аралбай деген кісіге тұрмысқа шықты. Шафиға Нұралина екі ұл, екі қыз өсіріп, 2008 жылы дүниеден қайтты.

АЛЖИР: Азап пен үрей

«АЛЖИР» залында Шафиға Нұралинаның жеке заттары қойылған. Хохламамен өрнектелген ағаш қасығы, ыдыс-аяғы, Шафиға Нұралинаға 1997 жылдың 30 мамырында сыйға тартылған қол сағатында: «Облыс әкімі А. Браунмен кездесуден естелік», - деп жазылған.

Сол сұрапыл жылдары кез келген қыз-келіншек «Отанын сатқандардың әйелдері» тізіміне кірген болатын. 

Мағрипа Қазбекова.

Ол 1903 жылы Орынбор облысында туған, ұлты – қазақ. 1929 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия Мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірді. 1937 жылы оның күйеуі Қазбеков Смағұл тұқым шаруашылығымен айналысты. Ол бидайдың жаңа сорттарын әкелу үшін Америкаға барған еді. Алайда отанына қайтып келгенде оған тыңшы деген айып тағылып, тұтқынға алынып, ату жазасына кесілді. Ал Мағрипа Қазбекованы АЛЖИР-ге, кейін Долинкаға жіберді. Ұлдары Магнитогорскідегі мектеп-интернатқа, қыздары Шымкент қаласындағы балалар үйіне жіберілді. 1938 жылдың 25 ақпанынан 1943 жылдың 2 наурызына дейін Мағрифа Мырзағұлқызы «АЛЖИР» мен Долинкада мерзімін өтеді. 1943 жылдан 1946 жылға дейін Балқаш қаласында өз еркімен жұмыс істеді. 1956 жылы ақталды. Өмірінің соңына дейін дәрігер болып қызмет атқарды. Үздік қызметі үшін бірнеше рет орденмен марапатталды.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Қазбекова Мағрипаға 1974 жылы 10 желтоқсанда Балқаш кен-металлургия комбинаты сыйға тартқан «Дәрігерлік эмблемасы» «АЛЖИР» залында орналасқан.

АЛЖИР: Азап пен үрей

АЛЖИР. Құрт – асыл тас

АЛЖИР-де болған әйелдердің бірі Гертруд Платайс айтқан оқиға БАҚ беттерінде кеңінен таралып кеткен болатын.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Қыстыгүні әйелдер барақ тұрғызу үшін Жалаңаш өзенінің жағасынан қамыс жинайды. Сол кезде Жалаңаш ауылының балалары әйелдерге «тас» лақтыра бастайды. Осы сәтте бақылаушылар «көрдіңдер ме, сендерді тек Мәскеу ғана емес, ауылдағылар да жек көреді» деп кекетеді. Бұл оқиға күнде жалғасады. Бір күні әлгіндей «тастың» бірі тиген Гертруд құлап жатып, әлгі тастан сүттің иісі шығып тұрғанын бірден байқайды. Сөйтеді де ауызына салып, тәтті екенін сезеді. Ол осы «тастың» бәрін жинап, бараққа алып келеді. Ол жерде тұтқын қазақ әйелдері мұның айраннан жасалатын «құрт» деген тағам екенін айтып береді.

АЛЖИР: Азап пен үрей

Сөйтсе қазақтар өздерінің балалары арқылы тұтқын әйелдерді бөліп алып, оларға әдейі құрт лақтырып аштықтан құтқару үшін осындай әдіс қолданыпты. Олар бақылаушылар көріп қоймасын деп түнгі уақытта тұтқындар үшін құрт, талқан, ет, нан қалдырып кеткен. Қазақ халқының осы бір жақсылығын әйелдер өмір бойы ұмытпаған.

АЛЖИР: Азап пен үрей

1950 жылы АЛЖИР жабылды. Алайда 1958 жылғы қайта құруға дейін сотталғандар өздерінің тұрғылықты мекен-жайларына қайта алмады. Тек 1953 жылы 17-ші Карлаг лагері толықтай жабылған еді.

АЛЖИР: Азап пен үрей

2007 жылы 31 мамыр күні лагерь орнында АЛЖИР мемориалды кешені ашылды.

Өзгелердің жаңалығы