Жер шарындағы ең ірі айсбергтердің бірі – A23a көз алдымызда жойылып барады. Ғалымдар ондаған жыл бойы бақылауда болған алып мұз кесегінің енді толық еріп кету алдында тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Арктика және Антарктика ғылыми-зерттеу институтының дерегінше, айсберг соңғы кезеңде күрт әлсіреп, бірнеше бөлікке ыдырап кеткен. Қазіргі уақытта ол бастапқы көлемінің 99 пайызынан айырылып отыр.
A23a 1986 жылы Фильхнер шельфтік мұздығынан бөлініп шыққан еді. Сол кезде оның аумағы шамамен 4170 шаршы шақырымды құраған. Ондаған жыл бойы Уэдделл теңізінде «қамалып» тұрған айсберг тек кейінгі жылдары ғана қозғалысқа түсіп, ашық мұхитқа бет алды.
Соңғы екі жылда оның тағдыры күрт өзгерді. 2023 жылдың соңында дрейф басталып, 2024 жылы бірнеше ірі бөліктерге бөлінді. Осылайша ол әлемдегі ең ірі айсберг мәртебесінен айырылды.
2025 жылдың басында айсбергтің аумағы 1300 шаршы шақырымға дейін қысқарса, бүгінде 50 шаршы шақырымға да жетпейді. Соңғы айларда ол шамамен 1000 шақырымды жүріп өтіп, Оңтүстік және Атлант мұхиттарының түйіскен тұсына жеткен.
Қазір A23a ашық суда еріп жатыр. Ғалымдар оның «өмір циклі» аяқталуға жақын екенін ашық айтып отыр.