Ғалымдар: Ораз-Мұхаммед ханның тарихи рөлі әлі толық бағаланбады

15 Қараша 2019, 00:48
4238
Бөлісу:
Ғалымдар: Ораз-Мұхаммед ханның тарихи рөлі әлі толық бағаланбады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің баспасөз орталығында елшіліктің ұйықты болуымен Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізін қалаушы Ораз-Мұхаммед Онданұлының тұлғасы мен қызметі туралы халықаралық конференция өтті. 

"Қазіргі тарихтағы Ораз-Мұхаммед Онданұлының рөлі" атты ғылыми конференцияға Қазақстан мен Ресейдің тарихшы ғалымдары, университет профессорлары қатысты. Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов XVII ғасырдың басында Ораз-Мұхаммед Онданұлы қазақ мемлекеті мен Мәскеу мемлекеті арасында дипломатиялық негіз қалауға ат салысып, айрықша мирас қалдырғанын атап өтті. Ол қазақ халқымен Ораз-Мұхаммед сұлтанды араға үш жарым ғасыр салып қайта қауыштырған жазушы Мұхтар Мағауинның "Аласапыран" романы екенін еске салды. 
Барша Алаш жұрты үшін байрақты бабамыздың жат елде жарты патшалық құруы аңызға бергісіз ақиқат! Ал оның ел мен елді табыстырған қызметі – мәртебелі абырой. Өйткені Ораз-Мұхаммед орыс жеріне жеке дара келген жоқ. Ол бүкіл ел аманатын, ұлы даланың дос пейілі мен бейбіт ықыласын ала келді. Содан болар табиғи тәкаппарлығы мен батылдығының, зеректігі мен әділдігінің арқасында үлкен беделге ие болды. Осы елдің тағдыршешті сын сағатына араласты. Атқа қонып, еңселі ертеңі үшін күресті. Адамдар тарихи процестердің логикасын ұғынуға тырысып қана қоймайды, сонымен қатар процесстің инерциясына әсер етіп, оқиғалардың барысына бетбұрыс жасаған қаһарман тұлғалар туралы ақиқатты да білгісі келеді. Ұлы Далада ғана емес, жат жұртта, орыс жерінде даңқты істерімен танымал болған Сұлтан Ораз-Мұхаммедті осындай тұлғалардың шоғырына жатқызуға болады, - деді елші.

Ораз-Мұхаммед Онданұлы сұлтанның екі елдің тарихында қалдырған ерекше рөлін зерттеп, зерделеу және насихаттауды мақсат еткен конференцияда ғалымдар баяндама жасады. Оның ішінде Ресей ғылым академиясының Әлеуметтік ғылымдар туралы ғылыми ақпарат институтының Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцевте бар. 
Ораз-Мұхаммед Ресейді азаматтық соғыс алауы шарпыған бұлғақ кезеңіндегі оқиғаларда маңызды рөл атқарды. Ол осы кезеңдегі белсенді мемлекет қайраткерлерінің бірі болды. Оның тарихи рөлі әлі де бағаланбаған болуы мүмкін, - деді ол.
Ғалым қазақ сұлтанының тарихи орыны ғана емес саяси қызметі турасында да жалғасты зерттеудің қажеттілігін айтты.

Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры Мұрат Әбдіров тегі түркі үш билеушінің: Сібір ханы Көшім, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед және Петр Урусов атымен тарихта қалған ноғай ханзадасы Орақтың – кейіннен үлкен еуразиялық державаға айналған сол тұстағы Мәскеу патшалығы кезеңінде тәлкекке түскен тоғысқан тағдырлары туралы сөз сөйледі. 
Ораз-Мұхаммед сұлтан қазақтың ханы болуы мүмкін еді. Ол Шығай ханның өмірден ерте озған үлкен ұлы Онданның баласы ретінде мүмкін қазақ хандығының тағына отырар ма еді? Тіпті, Борис Годунов патшаның ең сенімді серіктерінің бірі болған Шыңғыс тұқымы Ораз-Мұхаммед өмірінің соңғы беттері құпияға толы. Ресей жеріндегі қазақ ханы мезгілсіз ажал құшпағанда, Ресейдегі аласапыранның қалың тұманынан аман шыққанда Мәскеу патшалығы тағында отырар ма еді? Тарихи дерек Ораз-Мұхаммедтің баласы жалған Дмитрий II-ге әкесі оған қарсы жоспар құрып жатқанын айтты деп жазады. Бұл факт пе, жоқ па, дәп басып айту қиын. Біз бұл нұсқаның тамыры қайдан шыққанын білмейміз. Неліктен ұлы бұлай істеді? Тарих үнсіз, және біз бұл туралы ешқашан білмейтін шығармыз, - деді профессор.
Ресей ғылым академиясының Орыс тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Андрей Беляков Ораз-Мұхаммед екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды жай ғана бастаушысы емес, екі елдің ықпалдасуына әсер еткен тұлға деп қарайды.
Мүмкін, Ораз-Мұхаммед Қазақстанның Ресейдегі тұңғыш елшісі, ізгі ниетті дипломаты болған шығар. Ораз-Мұхаммедтің және XVI ғасырдың 90-жылдарының ортасындағы дипломатиялық байланыстардың арқасында Ораз-Мұхаммедтің тәлімгері болған Қадырғали Жалайырдың әйгілі «Шежірелер жинағы» туындысы пайда болды. Алайда, бұл қазақ сұлтаны туралы жауапсыз сұрақ көп. Әкесі Ондан сұлтан қайтыс болғанда ол қайда болды, кімнің жанында болды, Ораз-Мұхаммед Сібір хандығына қандай себеппен барды – бұлар түсініксіз?! Онымен бірге әжесі, анасы, жары сияқты хандық әулеттің әйелдері де тұтқынға түсті. Олардың да соңғы тағдыры белгісіз. XVI-XVII ғасыр тарихы туралы Ресей жазбаларында Шыңғыс тұқымдарының барлық әйелдері, қыздары патшайым аталған, - дейді Андрей Беляков.
Ал «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы» қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының бас сарапшысы Радик Темірғалиев қазақ пен орыс қатынастарының ресми дипломатиялық қатынасы Ораз-Мұхаммед тұсында орнады деп санайды.
Мәскеу билігі Тәуекел ханға дейінгі қазақ хандарын одақтас ретінде пайдалануға талпынған шақтары болмаса, қою барыс-келіс жасаған жоқ. Тұтқынға түскен қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед сияқты Қазан, Қырым, Сібір, Астраханды билеген төрелер де орыс патшалығында аманатта болды. Соған қарамастан қазақ сұлтанын көтермеледі. Әрине, Ораз-Мұхаммедтің қолбасшы, саясаткер, дипломат ретіндегі өз қайраткерлігі де айрықша сапаға ие. Дегенмен, ол өзіне назар аударту арқылы Мәскеу билеушілерін қазақ хандығымен санасуы тиіс екенін ұғындырды, - деді тарихшы. 
Конференцияда қатысушылар тек білім мен пікір алмасып қоймай, бір-біріне қазақ-орыс қарым-қатынасы туралы соңғы монографияларын ұсынып, конференция ұйымдастырған елшілік жұмысына ризашылық білдірді. 

Айта кететін болсақ, 15 қарашада Ресей Федерациясының Рязань облысы, Қасымов қаласында Ескі татар зиратында Жошы ұлысынан, қазақты билеген Шыңғыс тұқымынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға(ханға) мемориалды тақта орнатылады.


Өзгелердің жаңалығы