Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына – 100 жыл

5 Ақпан 2021, 18:11
4379
Бөлісу:
Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясына – 100 жыл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордадағы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев БАҚ өкілдерімен онлайн форматта кездесті.

Кез келген мемлекеттің мықты болып дамуы білім саласына тиісті екені белгілі. Білім саласы туралы ойланбайтын, осы мәселеге қатысы жоқ адам жоқ шығар, - деді ол.

Ғани Бейсембаев академияның тарихына қысқаша тоқталды.

Ұлттық білім академиясы 1921 жылы тамыз айында А.Байтұрсынұлының қолға алуымен Академиялық білім орталығы болып құрылған. Биыл академияға 100 жыл толады. Яғни бұл бір ғасырлық тарихы бар үлкен академия, білім ошағы. Ахмет Байтұрсынұлынан бастап Алаш ардақтылары, жазушылар, ғалымдар қызмет атқарған. Оның ішінде Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сияқты үлкен ғалымдар осы жерде оқулық жазумен, жалпы білім саласының мықты болуына үлес қосқан, - деді ол.

Академия президентінің сөзінше, 1966 жылы орталық институт болып, Ыбырай Алтынсариннің есімі берілді. Биыл академияның 100 жылдығымен қатар Ы.Алтынсариннің де 180 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп тұр. 2008 жылы академияға «ұлттық» деген мәртебе берілді. Сөйтіп Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы болып қайта құрылды.

Академия үздіксіз білім жүйесіне үлкен зерттеулер жасап, оның маңызды болуына үлес қосқан қара шаңырақ. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бірінші өзіміздің төл оқулығымыз академия қабырғасында дайындалған, - деп түсіндірді ол.

Бейсембаев айтқандай, академияның білім саласында атқарған үлесі өте зор. Енді бір ғасыр толған академия түгелдей қайта жаңғырып, трансформациядан өту үстінде.

Өзгелердің жаңалығы