«Алтын белгі» үміткерлері СДУ-да дайындықтан өтті

8 Қаңтар 2019, 08:42
2966
Бөлісу:
«Алтын белгі» үміткерлері СДУ-да дайындықтан өтті

Астана, baq.kz. Қаңтардың 2-7 аралығында еліміздің түкпір-түкпіріндегі 650-ге тарта «Алтын белгі» үміткерлері Еducon білім беру орталығының ұйымдастыруымен СДУ базасында Winter CAMP - 2019 оқу-жаттығу лагерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтан өтті.

Winter CAMP - 2019 қыстық оқу-жаттығу лагері биыл қатарынан бесінші рет ұйымдастырылуда және іс-шараға республика мектептерінен топ жарып, ең үздік атанған бітіруші түлектер іріктеліп алынған.

Бес күндік бағдарлама аясында қатысушыларға еліміздің білікті мамандары мен ұстаздары дәріс оқыды. Сонымен қатар, Сулейман Демирел университетінің ректоры Қанат Қожахмет және белді жоғары оқу орындарының ректорларымен қатар белгілі қоғам қайраткерлері де жасөспірімдерге пайдалы семинарлар өткізді. Оқу бағдарламасының жоспары барысында бітіруші түлектерді мамандық таңдауға бағыттайтын еліміздің беделді он университетінің қатысуымен арнайы білім көрмесі өтті.

Қысқы лагердің басты мақсаты – талапкерлеге Ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңінің алдында жаңа бағыт-бағдар мен серпіліс беру. Оқу бағдарламасы жан-жақты қызықты өту үшін қатысушыларға түрлі спорттық ойындар мен замануи квест ойындары белсенді өткізілді, деген пікірде ұйымдастырушылар.

Шараның соңында үздік атанған топтар арнайы алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Еске сала кетсек, осы жылдан бастап жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін ҰБТ жылына 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым- шілде, тамыз айларында өткізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және Ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеген болатын. Сондықтан ұйымдастырылып отырған дайындық орталықтары балаларға ерекше серпін берері анық. Өткен жылы ҰБТ –дан жоғары ұпайға ие болған Шиара Құдайберегенова (2018, 140 ұпай) өз білімін осындай дайындық орталықтарына қатысып шыңдаған болатын.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы