Алматы қалалық кардиология орталығы сыртқы аудиттен сәтті өтіп, алғаш рет үш жыл мерзімге Joint Commission International (JCI) аккредитациясын алды. Осылайша, орталық Қазақстандағы JCI мәртебесіне ие болған алғашқы қалалық клиника және республикадағы шұғыл кардиологиялық көмек көрсететін алғашқы мамандандырылған орталық атанды.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
JCI – бүкіл әлемдегі медициналық ұйымдарды аккредиттеудің «алтын стандарты». Бұл сертификат пациенттер қауіпсіздігінің ең жоғары деңгейін және медициналық қызметтердің мінсіз сапасын растайды. 19-21 тамыз аралығында аудит жүргізген JCI халықаралық сарапшылары орталықтың клиникалық процестеріне, соның ішінде дәрі-дәрмек пен хирургиялық қауіпсіздікке, инфекциялық бақылаудың қатаң сақталуына, тәуекелдерді барынша азайтуға және емдеудің барлық кезеңдерінде сапаға жүйелі аудит жүргізуге ең жоғары баға берді, – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.
Ведомство 2026 жылдың сегіз айындағы орталық жұмысының ауқымы мен негізгі көрсеткіштерін де жариялады:
- шұғыл медициналық көмек көрсету бағыты бойынша орталық 1,1 млн-нан астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді;
- жыл басынан бері орталықта 7500-ден астам пациент стационарлық ем қабылдады;
- 90 мыңнан астам операция мен процедура жасалды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,5%-ға көп;
- күрделі кардиохирургиялық, аритмологиялық және интервенциялық операциялардың саны 43,2%-ға артты.
2025 жылы орталық базасында алғаш рет жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл оқиға қаланың кардиологиялық қызметін жаңа деңгейге көтеріп, орталықтың ең күрделі операцияларды орындауға дайын екенін көрсетті.
Денсаулық сақтау министрлігінде JCI аккредитациясын алу орталықтың жоғары кәсіби командасының еңбегін мойындау ғана емес, Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту, отандық медицинаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру және медициналық туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырудағы стратегиялық қадам екенін атап өтті.