Алты елдің қарулы күштері шекараны бұзып өткен банданың көзін жойды

19 Қыркүйек 2024, 18:12
4337
Бөлісу:
Алты елдің қарулы күштері шекараны бұзып өткен банданың көзін жойды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

«Шексіз бауырластық-III» оқу-жаттығуы аясында алты елдің арнайы операциялар күштері банда құрамын жойды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің ақпаратына сәйкес, көпұлтты оқу-жаттығудың белсенді кезеңін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Әзербайжан, Катар, Пәкістан, Түркия, Өзбекстан қарулы күштері мен Қазақстан күштік құрылымдары қолбасшылығының өкілдері бақылады.

Түркістан облысында өткен оқу-жаттығуға Иордания мен Қырғызстан Қарулы күштерінің өкілдері бақылаушы ретінде шақырылды.

«Орда» оқу полигонында шетелдік әріптестердің назарына қару-жарақ пен әскери техника көрмесі, сондай-ақ киім үлгілері көрсетілді. Ағымдағы жедел-тактикалық жағдаймен танысқаннан кейін практикалық іс-қимылдар өтті.

Алты елдің қарулы күштері шекараны бұзып өткен банданың көзін жойды

Алты ел әскери контингенттерінен құралған біріккен топтың алдына шекараны бұзып өтіп, елді мекенге тығылған заңсыз қарулы құралымды тауып, көзін жою міндеті қойылды. Содырлардың ұшқышсыз ұшақтардың көмегімен біріккен әскерлер тобына соққы бермек болған әрекетіне радиоэлектронды соғыс құралдарымен тойтарыс берілді.

Биіктікті басып алу үшін бірікккен топтың тактикалық әуе десанты түсірілді. Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің шабуылына камикадзе дрондары мен армиялық авиация шабуылдары, квадроциклмен қозғалатын ұтқыр топтар қолдау көрсетті. Әкімшілік ғимаратқа жасалған шабуылдан кейін дрондардың көмегімен туннельден өтпек болған жау күші толық жойылды.

Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығуға қатысушыларды арнайы операцияның сәтті аяқталуымен құттықтады.

Террористік қауіптердің өсуін ескере отырып, біз әскери қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді біріктіре береміз. Оқу-жаттығуда дағдарыстық жағдайда басқару органдары мен бағынысты бөлімшелердің іс-қимыл алгоритмдері пысықталды. Бірлескен операцияны жүргізу әскери контингенттердің үйлесімді әрі тиімді әрекет етуге дайындығын көрсетті, – деп атап өтті ол.

Арнайы мақсаттағы біріккен бөлімшелер кез келген сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге тиімді төтеп беруге дайын екендіктерін көрсете отырып, жауынгерлік үйлесімділіктің жоғары деңгейін көрсете білді.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша үздік жауынгерлерді марапаттау рәсімі өтті. Әскери маневрлерге барлығы төрт жүзден астам әскери қызметші қатысты.

Өзгелердің жаңалығы