Алтай Көлгінов Яссауи кесенесіне қатысты депутатқа жауап берді

17 Мамыр 2023, 15:10
3312
Бөлісу:
Алтай Көлгінов Яссауи кесенесіне қатысты депутатқа жауап берді
Фото: primeminister.kz

Вице-премьердің айтуынша, кесене мәселесіне қатысты 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің күтімі, жаңғырту жұмыстары жөнінде Үкімет басшысының орынбасары Алтай Көлгіновке депутаттық сауал жолдаған еді. Ол кесене айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуды сұраған болатын.

Вице-премьер 28 наурызда Кесененің жай-күйін сақтауға қатысты мүдделі мемлекеттік органдар мен ғылыми институттардың қатысуымен кеңес өткізгенін мәлімдеді. Нәтижесінде 2022-2024 жылдарға арналған кешенді жоспар жасақталған.

Жоспар аясында кесененің жағдайын әртүрлі бейімдегі ғылыми-зерттеу институттары 2023 жылы зерделеу жұмыстарын жүргізеді.

Алтай Көлгінов 2022 жылы кесененің әр бөлігінде оның температуралық-ылғалдық режимін, қабырғаларындағы жарықшақтарды қадағалайтын мониторингтік жүйе орнатылғанын хабарлады.

Кесене қазандықтан 8 дәлізбен тарайтын 35 бөлмені құрайтын биіктігі 40 метрге жуық зәулім ғимарат. Оның техникалық жағдайын сүйемелдеп отыру үшін республикалық бюджеттен жыл сайын қаржы қарастырылып отырады. 2023 жылға арналған республикалық бюджеттен кесенеде толық ғылыми-зерделеу жұмыстарын жүргізуге 317 млн теңге қаржы бөлінді, - деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, кесененің жағдайы мүдделі мемлекеттік органдардың бақылауында және тиісті жұмыстар жүргізіліп отырады.

Өзгелердің жаңалығы