Алтай Көлгінов: Нұр-Сұлтан – еліміздің жоғары әлеуетін көрсетеді

6 Шілде 2019, 10:36
1277
Бөлісу:
Алтай Көлгінов: Нұр-Сұлтан – еліміздің жоғары әлеуетін көрсетеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов астаналықтар мен қонақтарын бүгінгі елорда күнімен құттықтады.

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің бейнесі, еліміздің өсіп келе жатқан қуатын және оның одан әрі дамуының жоғары әлеуетін көрсетеді.

Елорданың тағдыры Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметімен тығыз байланысты. Ол еліміздің бас қаласы аумағындағы барлық сәулет нысанын салуға бастамашы болды.

Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның халықаралық беделін нығайта түседі және мемлекет дамуының локомотивіне айналды, оның болашақ экономикалық тұрғыдағы көрінісі болып саналады. Бұл әлемнің жетекші мегаполистерімен сенімді түрде бәсекеге түсетін қала, 21 жыл ішінде әлемдік қауымдастықтарды даму қарқынымен және жылдамдығымен таңқалдыра отырып, үлкен серпіліс жасай алды.

Астанамыздың қарқынды дамуы мен өркендеуінің басты күші шығармашылық және кәсіби дағдыларымен үлкен жетістіктерге жетіп жүрген қаланың тұрғындары деп білемін.

Нұр-Сұлтан – біздің мақтанышымыз, ортақ үйіміз.

Осынау мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, игілік пен сәттілік тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы