«Қаржы орталығы»: 21 мың қазақстандық білім беру депозитін ашты

10 Желтоқсан 2021, 17:17
1577
Бөлісу:
«Қаржы орталығы»: 21 мың қазақстандық білім беру депозитін ашты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда 8 жылда 21 мыңнан астам адам білім беру депозитін ашқан. Оның ішінде 4 мыңнан астам депозит жабылып, қаражаты отандық жоғары оқу орындарына жұмсалды. 

Бұл туралы БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ Ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин мәлімдеді.   

Оның айтуынша, әлеуметтік депозиттің бұл түрін жас ерекшелігіне қарамастан кез келген адамға ашуға болады. Ата-аналар балаларына тіпті туғаннан бастап ашуына мүмкіндік бар. «AQYL» білім беру депозитіне банктің сыйақысынан бөлек жинақталған сомадан 5-7% мөлшерінде мемлекет тарапынан да ақша түрінде сыйлықақы есептеледі.

Кез келген азамат өзіне немесе балаларына депозит аша алады. Жас ерекшелігі бойынша шектеу жоқ. Депозитті екінші деңгейлі банктер арқылы ашуға болады. Қазіргі таңда 4 банк жұмыс істейді: Нұрбанк, Қазақстан Халық банкі, Jusan банкі, ВТБ банкі. Әр банктің пайыздық мөлшерлемесі бар. Ең жоғары пайыз Нұрбанк пен Jusan банкінде 9 пайыз, оның үстіне мемлекет қосымша 5-7 пайыз төлейді. 7 пайыз әлеуметтік қорғалмаған, көпбалалы отбасыларға беріледі. Яғни депозиттің табыстылық мөлшерлемесі - 16 пайыз, мұндай 14-16 пайыз табыстылық Қазақстан нарығында ғана емес, әлемдік нарықта да жоқ. Инфляция жеп қояды деп айтылуы мүмкін, бірақ қаржыгерлер инфляциялық дәліз бойынша 6-8 пайыз болса да,  бұл жерде табыстылық 14-16 пайыз екенін айтады, – дейді департамент директоры. 

Алпамыс Сатыбалдиннің мәліметінше, депозитте жиналған қаражатты шетелдік оқу орындарында білім алуға және тіл үйрену курстарында оқуға да жұмсауға болады. 

Осы уақытқа дейін 21 мыңнан астам депозит ашылды. Оның ішінде 4 мыңнан астам депозит жабылды. Өйткені жоғары оқу орнына жұмсалды. Оның 257-сі шетелде білім алуға жұмсалды. Кез келген адам өзінің біліміне ақша жинап, шетелде оқып келуіне болады. Сондай-ақ депозитке заңға сәйкес ешқандай шектеу қойылмайды. Мысалы, қандай да бір заңға қайшы әрекет жасағаныңыз үшін банк шоттарыңыз жабылса, бұл шотты ешкім жаба алмайды, өйткені бұл – әлеуметтік депозит, – деді ол.  

Маманның айтуынша, шотта жиналған қаржы оқу ақысынан артық болса, оны шешіп алуға немесе әрі қарай жинақтауға да болады. Сондай-ақ ол қаражатты басқа балалардың шотына аударуға мүмкіндік бар. 

Мысалы, 7 жасар баланың ата-анасы баласының біліміне айына 10 мың теңгеден жинақтаса, мектеп бітіргенде жинағаны 1 млн теңге болады. 16 пайыздың мөлшерлеме арқылы мемлекет пен банк оның үстінен 2,5 млн теңге қосып береді. Бала мектеп бітірген соң оқуына 2 млн теңге ғана төлейтін болса, қалған сомманы толығымен шешіп алуға болады немесе болашақтағы оқуына жинауына да болады. Сондай-ақ екінші, үшінші баланың шотына аударуға болады. Бала грантқа түскен жағдайда оны дәләлдейтін сертификатты көрсетіп, шоттағы ақшаны шешіп алуға болады. Депозиттің мақсаты – жоғары білім алуға көмектесу, – деп түсіндірді директор. 

Салымшы ашылған депозитке жасалатын жарналардың мөлшері мен олардың жиілігін отбасылық бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай өзі белгілейді. Білім беру депозиті 10 млн. теңгеге дейінгі сомаға Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған. Осылайша, білім беру депозиттері толықтай қорғалған. Депозитті кассалар, Nur&Pay интернет-банкинг арқылы, сондай-ақ картадан жинақтау шотына аудару арқылы толтыруға болады. Оны ашуға қойылатын талаптар: жеке куәлік (өз атыңызға ашсаңыз); ата-аналардың жеке куәліктері және баланың туу туралы куәлігі (баланың атына ашсаңыз).  

Сонымен қатар «AQYL» білім беру депозиттері өз қызметкерлері үшін корпоративтік-әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыратын компаниялардың, сондай-ақ халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарынан шыққан балаларға көмек көрсетуді қалайтын меценаттардың да қызығушылығын тудыруда. Мысалы, екі жыл бұрын атақты спортшылар Илья Ильин, Серік Сапиев, Александр Левит елордадағы балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін білім беру депозиттерін ашты.

Өзгелердің жаңалығы