Алматының сауда орындарына рейд жүргізіліп, жасөспірімдерге вейп сатқан дүкендер анықталды

12 Маусым 2024, 22:16
501
Бөлісу:
Алматының сауда орындарына рейд жүргізіліп, жасөспірімдерге вейп сатқан дүкендер анықталды
VIDEO
Фото: автордан

Кәмелетке толмаған жастар рейд барысында вейп дүкендерінен электронды темекі сатып алып, тексеріс жүргізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Алматыда 426 вейп дүкені бар. Әуезов аудандық полиция қызметкерлері мен «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасының өкілдері мамандандырылған вейп-дүкендерде рейд жүргізді. 

Алматының сауда орындарына рейд жүргізіліп, жасөспірімдерге вейп сатқан дүкендер анықталды

«Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасының жүзеге асып келе жатқанына екі жылдан астам уақыт өтті. Біз апта сайын қаланың әр ауданында рейд жүргіземіз. Осыдан бір апта бұрын Әуезов ауданындағы 4-5 вейп сататын дүкендерге рейд жүргізген едік. Рейд қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері сатушыларға 15 айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды. Осы жолы қайта келгенімізде, жасөспірімдерге сатпаған. Бұл – рейд өз нәтижесін берді деген сөз. Сегіз күннен кейін вейпке тиым салынады. Дегенмен жастар бұны қойып кетеді деп айта алмаймын. Сатушылар тығылып сатуы әбден мүмкін. Сол себептен вейп сатып алатын жеткіншектің ата-анасы баласымен жұмыс істеу керек. Оның зиян екенін түсіндіріп, болашақта вейпті есірткіге алмастыруына жол бермеуі керек. Біз өз кезегімізде ЖОО, колледж, мектеп сияқты оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - дейді «Вейпсіз жастар» әлеуметтік жобасының жетекшісі Марат Сайбеков.


Жастар вейпке тиым салынса, оларды «қара базардан» алатынын айтқан. Ал қалған бөлігі шылымға ауысуға ниетті екендерін атап өткен.
 

2023 жылы желтоқсан айында «Вейптерге заңмен тыйым салынса, ары қарай не істейсіздер» деген тақырыпта сауалнама жүргіздік. Оған 900 адам қатысты. Қатысушылардың жас шамасы 14 пен 19 аралығында. Қатысушылардың 3/1 бөлігі вейптерді «қара базардан» алатынын айтқан. Ал қалған бөлігі шылымға ауысуға ниетті екендерін көрсеткен. Жалпы электронды шылымды немесе темекіні толықтай тастауға дайын адамдар бірен-саран. Өйткені вейп шегетін адамдардың көпшілігі оған дейін дәстүрлі шылымды қолданғандарын айтады. Ал «темекіден вейпке неге ауыстыңыз» деген сұраққа көпшілігі «электронды шылымның дәмі мен иісі үшін ұнағандықтан» деп жауап береді, - деді «Қазақстан балалары қоры» қоғамдық қорының директоры Эльвира Ватлина.

Сараптама бойынша, оқушылардың 80%-ы вейпке тәуелді. Олардың жасы 11-15 жас аралығында. Қолданыстағы заңнамалық шектеулерге сәйкес, құрамында никотин бар және темекі өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға тыйым салынады. 

Алматының сауда орындарына рейд жүргізіліп, жасөспірімдерге вейп сатқан дүкендер анықталды

Мен ЖОО-ның 2 курс студентімін, Әуезов ауданының комьюнити орталығының белсендісімін. Вейп сату қазіргі уақытта дамып кеткен. Мектеп жасындағы оқушылардың, жастардың шегіп жүргенін көреміз. Олардың денсаулықтарына да зиян келтіріп жатқанын білеміз. Осы ретте, біздер полиция қызметкерлерімен бірге рейдтерге шығып, тексеріс жасадық. Бастапқыда сатқан дүкендер келесі аптада жастар вейп сатпаған, - дейді студент, Әуезов ауданының комьюнити орталығының белсендісі Елнұр Әбілқожаев.

Полиция және жоба өкілдері аталған дүкендердің сатушыларымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді, сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың вейптерді сатуға және пайдалануға тыйым салатын заңға қол қойғанын хабарлады.

Біз мұндай рейдтерді ай сайын ерікті жастар мен Әуезов ауданының әкімдігімен бірлесе отырып, жиі ұйымдастырамыз. Рейд барысында сатушылардың көпшілігі 21 жасқа толмаған жасөспірімдерге электронды темекі сатып жатады. Біз өз кезегімізде алдымен хаттама толтырып, айыппұл саламыз. Келесі жолы келгенде дәл сондай жағдай қайта орын алса, бірнеше тәулікке қамауға аламыз. Сондай-ақ вейптерді сатуға және пайдалануға сегіз күнен кейін тиым салынатындығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - дейді Әуезов ауданының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Дияс Ерланұлы.

Рейд барысында 21 жасқа толмаған студентерге вейп сатқан дүкен анықталып, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды.

Видео: автордан
Өзгелердің жаңалығы