Алматының қай аймақтарында шомылуға тыйым салынған?

Бөлісу:
Алматының қай аймақтарында шомылуға тыйым салынған?
Фото: BAQ.KZ -архив

Алматыда шомылуға рұқсат етілген тек төрт орын бар, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде күн жылынып келеді. Алматылықтар қалың киімдерін шешкенімен, әзірге қала ішіндегі су айдындарында шомылуға кіріскен жоқ. Дегенмен сәуір айының соңына қарай мұндай жағдайға көз шалуымыз әбден мүмкін. Осы орайда ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Республикалық жедел құтқару жасағы Сүңгуір-құтқару жұмыстары бөлімінің бастығы Андрей Быбченкодан шомылу маусымы қашан басталатынын сұрадық. 

Оның айтуынша, шомылу маусымының басталуы ауа-райына және су деңгейінің тереңдігіне байланысты. Сондай-ақ ол жабдықталмаған су айдындарында суға түспеуге кеңес береді. Адам аяғы көп баса бермейтін табиғи жағажайларда құтқарушылар болмайды. Сондықтан оқыс жағдайда уақытылы көмектесу мүмкін болмайды.

Шомылуға жарамайтын жағажайлар аса қауіпті. Себебі онда сізді бақылайтын құтқарушылар болмайды және онда керекті құрал-жабдықтар жоқ. Сондай-ақ, мұндай судың түбі несімен қауіпті? Сынған бөтелкелер, кабельдер, балық аулау торлары мен су асты балдырлары болуы мүмкін әрі су қоймасының тереңдігі қаншалықты белгісіз, – деді құтқарушы.

Сүңгуір-құтқару жұмыстары бөлімінің бастығы Андрей Быбченко шомылар алдында ауа-райы мен судың жылынуына мән беруге шақырады.

Егер сіз табиғи жағажайда немесе өзіңіз білетін су қоймасына барсаңыз да, ең алдымен күн ысуына назар аудару керек. Су салқын болуы мүмкін, ал жағажай қызып тұрады. Адам күнге жылынып, бірден суға түсетін болса, сіңір тартылуы немесе өмірге қауіп төндіретін басқа да қауіп болуы мүмкін. Ішімдік мәселесін де ұмытпаған жөн. Демалыста барлығы оны қабылдайды және өзіне ие бола алмайды. Алкоголь ішілген жерде кем дегенде есін білетін, ішімдік ішпеген екі ересек адам болуы қажет, – деді ол.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, «Сайран» көлінің батыс және шығыс бөліктерінде, сондай-ақ «Гүлдер» демалыс аймағы және Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының бойындағы «Баум» тоғайында шомылуға рұқсат етілген. Ал Есентай, Үлкен және Кіші Алматыға кіретін қаланың қалған су айдындары мен таулы өзендеріне шомылуға тыйым салынады.

Өзгелердің жаңалығы