Алматының Наурызбай ауданында салық түсімі 45 есе өсті

10 Тамыз 2022, 11:48
1542
Бөлісу:
Алматының Наурызбай ауданында салық түсімі 45 есе өсті

Алматы қаласы Наурызбай ауданында салық түсімі 400 млн теңгеден 18 млрд теңгеге дейін өсті. Бұл туралы аудан әкімі Санжар Тоғай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімнің айтуынша, инвестициялар тарту көрсеткіші 16 есеге, яғни 8-ден 127 млрд теңгеге дейін, салық түсімдері 45 есеге, 400 млн теңгеден 18 млрд теңгеге дейін өскен.

Ауданның өндіріс көлемі 2 есеге, ШОБ субъектілерінің саны 9 есеге өсті. 2022 жылдың І жартыжылдығында өнеркәсіп көлемі 4,6 млрд теңге болды,-деді С. Тоғай.

Әкім сонымен қатар, ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. Ауданда халықтың 30%-ы ғана ауыз сумен қамтамасыз етілген, ал 70%-ы ашық су қоймалары мен жеке ұңғымаларды пайдаланып отыр.

Қазір Наурызбай ауданының 8 шағын ауданында 150 км су құбыры желілерінің құрылысы жүріп жатыр, 80% жұмыс аяқталды және 75 км кәріз желілері, 95% аяқталды. Тастыбұлақ, Таужолы, Жайлау, Қарғалы, Құрамыс шағын аудандарында инженерлік желілердің құрылысы аяқталды. Ақжар, Шұғыла, Таусамалы шағын аудандарында инженерлік желілерді төсеу жұмыстары жалғасуда, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда, - деді аудан әкімі.

Сондай-ақ ол Ақжар, Шұғыла, Тастыбұлақ шағын аудандарында  жалпы ұзындығы 98 км су құбыры және кәріз желілерін жүргізу жобасы әзірленіп жатқанын айтты.

Заманауи тазарту жүйесі бар «Қарғалы» су қоймасының құрылысы аяқталу сатысында. Сонымен қатар, Ақсай шатқалында 16 гектар аумақты алып жатқан Ақсай өзенінде су қойма құрылысының құрылысын бастау жоспарлануда, жобаны іске асыру мерзімі 2025 жылға дейін,-деді ол.

Өзгелердің жаңалығы