Алматының бас жоспары: қала 2040 жылға дейін қалай өзгереді

27 Қаңтар 2023, 18:33
2286
Бөлісу:
Алматының бас жоспары: қала 2040 жылға дейін қалай өзгереді
PHOTO
Фото: Фото Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімдігі мен «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институты бірлесе 2040 жылға дейін Алматы қаласының жаңа бас жоспарын қоғамдық талқылау өткізді. Үш күнге созылған талқылауға қала кеңесінің мүшелері, тәуелсіз сарапшылар, сәулетшілер, құрылысшылар, сейсмологтар, экологтар және қала тұрғындары қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазіргі бас жоспар 20 жылдан астам уақыт бұрын – 2002 жылы бекітілген және қала қажеттілігінің өсуі ескерілмеген. Бұл уақытта қала аумағы 33 898 гектардан 70 348 гектарға дейін, яғни екі еседен астам өсті. Алматы халқы 2,1 млн адамға дейін көбейді. Қала агломерация орталығына айналды, экономикасы өзгерді. Қаланың екі есе ұлғаюы аудандардың әлеуметтік, инженерлік, көліктік және өзге де инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейіне кері әсерін тигізді. Қалалық ортаны және қала тұрғындарының өмірін жақсартпас бұрын, не салу керек екенін, мерзімін, қанша қаржы қажет екенін түсіну керек.

Жаңа құжатты әзірлеу кезінде озық цифрлық технологиялар және әлемдік дизайн тәжірибесі (Space Syntax) пайдаланылды. Модельдеу құралдары дамудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салдарын және олардың ұтқырлыққа, жер құнына және адамның денсаулығына қалай әсер ететінін болжайды. 

Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарының басты мақсаты - қаланың барлық ауданында жайлы қалалық орта құру және өмір сүру сапасын арттыру.

Талқылаудың екінші күні сарапшылар, қоғам мен мемлекеттік орган өкілдері біраз жайтты талқыға салды:

  • көлік инфрақұрылымын дамыту;
  • Алматы агломерациясы;
  • инженерлік желілерді жаңғырту;
  • ауаның ластану мәселесін шешу.
Алматының бас жоспары: қала 2040 жылға дейін қалай өзгереді
Фото Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

27 қаңтар күні алматылықтар бас жоспарды талқылауға атсалысты. Құжат таныстырылған соң тұрғындар Алматы полиорталықтарының бас жоспарын әзірлеуге қатысты міндеттерді белгілеуге негіз болатын ұсыныс пен ескерту енгізді. 

Үш күнге созылған Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын қоғамдық талқылау аяқталды. Құжаттың мақсаты – халық үшін тартымды, жайлы әрі үйлесімді мегаполис құру. Сарапшылар мен қала тұрғындары көлікті, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды, инженерлік желілерді жаңғыртуды, ауаның ластануымен күресу және экожүйені жақсарту шараларын талқылады. Былтыр шілде айынан бастап «Тұрғындар сауалнамасы» зерттеуі жүргізілуде. Бұл алматылықтардың тәжірибесіне жүгінуге, қалай өмір сүретінін, жолға қанша уақыт жұмсайтынын, не мазалайтынын және шаһардың дамуына қатысты ұсыныстарын білуге мүмкіндік берді. Бас жоспарды талқылаудағы мәселенің дені осы зерттеудің нәтижесімен расталады. Үш күндік қоғамдық талқылау кезіндегі ұсыныстар мен пікірлер Алматының полиорталықтарының бас жоспарын әзірлеу бойынша техникалық тапсырмаларды белгілеу кезінде ескеріледі.

Алматының бас жоспары: қала 2040 жылға дейін қалай өзгереді
Фото Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Бас жоспарды әзірлеушілер Алматының жасыл, жайлы, қауіпсіз, цифрландырылған және көлікке қолжетімді қала болады деп сендірді. Олар қаланы бес бөлікке бөлді:

  • "Солтүстікке" босатылған аумақтарды қайта құра отырып өндірістік кәсіпорындар мен нарықтарды шығару ұсынылады. Жаңа аумақтар рекреация мен көгалдандыруға беріледі (ҰАК бойы, Баум тоғайы). Бұл орталықта қызмет көрсету саласы белсенді дамиды.
  • Әуежай аймағы - қаланың "Шығыс қақпасы". Мұнда логистикалық хаб пен көрм және ойын-сауық орталығын дамыту үшін жағдай жасалады. Медициналық және фармацевтикалық жобалар жасау көзделген.
  • Бас жоспар жобасында туризм мен тиісті қызметтер дамитын "тарихи орталық" жеке қарастырылады.
  • Қаланың "батысында" индустриялық кәсіпорындарды орналастыру және үлкейту, сондай-ақ заманауи көліктік-логистикалық хаб құру жоспарланған.
  • "Оңтүстік-батыс" аймақта шағын және орта бизнестің қатысуымен шағын өнеркәсіп парктерін ұйымдастыру, сауда мен логистиканы дамыту ұсынылады.

Алматының маңызды проблемасы – экологиялық мәселесін шешу де бас жоспарда қарастырылған. Қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Қаланың қолданыстағы жасыл қоры жылына орта есеппен 1,3 млн тоннаға дейін шаң жинайды, 16 мың тоннаға дейін оттегі өндіреді, сондықтан ағаштарды сақтау және одан көбейту маңызды.

Алматының бас жоспары: қала 2040 жылға дейін қалай өзгереді
Фото Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мегаполистегі жасыл желектің аумағын 2030 жылға қарай 1500 гектарға, 2040 жылға қарай 3500 гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Сонда кем дегенде 2,5 миллион ағаш отырғызылады. 

Бас жоспарда жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылымды да жаңғырту жоспарланған. Биылдың өзінде әуежайдан Тұңғыш президент паркіне дейін 25 шақырымға созылатын көшелерде жаяу жүретін жолдар реконструкцияланады.

Сондай-ақ, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін ЖЭО-2-ні газға көшіру, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен жеке үйлерді газдандыру, құрылыс объектілерін жобалау кезінде жел режимін есепке алу секілді бастамалар көзделген. 

Жыл сайын Алматы халқы 47-60 мың адамға артып келеді. 2040 жылға қарай қалада үш миллионнан астам адам тұрады деген болжам бар. Бас жоспарда 2040 жылға қарай қаладағы жаңа тұрғын үй құрылыс көлемінің жалпы ауданы 45,6 млн м2 құрайды деп жазылған. Сондықтан әрбір алматылық үшін 33 шаршы метр тұрғын үй салынуы мүмкін.

Алматының бас жоспары: қала 2040 жылға дейін қалай өзгереді
Фото Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматының жаңа бас жоспары бойынша 2030 жылға қарай  қалада 180 мыңға жуық жұмыс орнын ашылады. 

Қаланың даму жоспарына үш ЛРТ (жеңіл рельсті көлік), БРТ (жүрдек автобустар) желілерінің құрылысы, метрополитен құрылысын жалғастыру және үшінші теміржол вокзалының құрылысы кірді. Әзірге 13 шақырымға созылған метро желісі 32 км-ге ұлғайады.

Қаланың 2020 жылға дейінгі бұрынғы жоспары 2002 жылы бекітілген еді. 2014 және 2020 жылдары екі рет бас жоспарға түзету енгізуге тырысты. Содан кейін оны 2030-2040 жылдарға қалдыруды ұсынып, ескірген құжатқа түзетулер енгізудің орнына мамандар Алматы қаласының жаңа бас жоспарын жасаймыз деп шешті.

Бас жоспар жобасы 2023 жылдың көктемінде бекітіледі деп жоспарланып отыр. Бас жоспар бекітілгеннен кейін Алматының бес орталығының мастер-жоспарын әзірлеу басталады.

Өзгелердің жаңалығы