Алматының ауасы тазара ма? ЖЭО-2-дегі көмір қазандықтары 2040 жылға дейін резервте болмақ

3 Қараша 2026, 14:41
АВТОР
 ©️ BAQ.KZ архиві 3 Қараша 2026, 14:41
3 Қараша 2026, 14:41
151
Фото: ©️ BAQ.KZ архиві

Алматыдағы №2 жылу электр орталығын (ЖЭО-2) жаңғырту жұмыстарының 94 пайызы қыркүйек айының соңында аяқталған. Жоба станцияны табиғи газға көшіруді және жаңа қондырғы іске қосылған кезде зиянды заттар шығарындыларын 14 есеге жуық азайтуды көздейді. Алайда көмірден толық бас тарту әзірге жоспарланбаған. Төрт көмір қазандығы резервте қалып, олардың ықтимал жұмысына қатысты шығарындылар нормативтері 2040 жылға дейін есептелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Almaty Air Initiative қоры 29 қыркүйекте өткен қоғамдық тыңдау материалдарына талдау жасаған. Қор мамандарының пікірінше, жобаның Алматы ауасының сапасына нақты әсері газ қондырғысының іске қосылуымен ғана шектелмейді. Нәтиже көмірмен жұмыс істейтін қазандықтардың қаншалықты жиі және ұзақ пайдаланылатынына да байланысты болады.

ЖЭО-2 неліктен газға көшіріліп жатыр?

Қор мәліметінше, қазір Алматыдағы ЖЭО-2 жыл сайын шамамен 2,5 миллион тонна көмір жағады. Станция қаладағы ауаны ластайтын ірі тұрақты көздердің бірі саналады.

Climate TRACE платформасының бағалауынша, 2024 жылы ЖЭО-2 атмосфераға шамамен 94 тонна PM2.5 ұсақ бөлшегін шығарған. Осы көрсеткіш бойынша станция платформа қадағалайтын нысандар арасындағы денсаулыққа қауіпті ластаушы заттарды көп шығаратын кәсіпорындардың 10 пайызына кірген.

Сондықтан станцияны табиғи газға көшіру Алматыдағы ауа сапасын жақсарту үшін маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Жаңғырту аясында ЖЭО-2 аумағында жаңа бу-газ қондырғысы салынған. Қоғамдық тыңдауда станция өкілі оны 2026 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланғанын айтқан. Ал «АлЭС» компаниясының жазбаша жауабында жабдықтарды кезең-кезеңімен іске қосу мерзімі 2027 жылғы қаңтар деп көрсетілген.

Дегенмен жаңа газ қондырғысының іске қосылуы көмірден бірден бас тартуды білдірмейді. Іске қосу-баптау жұмыстары кезінде көмір қазандықтары да жұмысын жалғастырады. Көмір қазандықтарын қатар пайдаланбай, тек газбен жұмыс істеу режиміне 2028 жылдан бастап көшу жоспарланып отыр, - дейді қор өкілдері. 

Зиянды шығарындылар қаншалықты азаяды?

Жаңа бу-газ қондырғысы табиғи газбен жұмыс істеген кезде зиянды заттардың жалпы шығарындылары жылына шамамен 37,5 мың тоннадан 2,7 мың тоннаға дейін азаюы тиіс. Бұл шамамен 14 есе төмен.

Негізгі газ режимінде басты мұржалардан шығатын күкірт диоксиді мен бейорганикалық шаң көлемі нөлге дейін төмендейді деп күтіледі.

Алайда төрт көмір қазандығы резервте қалатындықтан, бүкіл станцияға арналған шығарындылар нормативтері бөлек есептелген. Жоба құжаттарында мынадай көрсеткіштер көрсетілген:

  • 2027–2030 жылдары – жылына шамамен 31,2 мың тонна;

  • 2034–2040 жылдары – жылына 26,6 мың тонна.

Бұл нормативтер газ жеткізілімі қандай да бір себеппен тоқтаған жағдайда көмір қазандықтары толық іске қосылуы мүмкін деген ең жоғары жүктеме сценарийіне негізделген. Сондықтан олар станцияның күнделікті жұмыс кезіндегі нақты шығарындыларының болжамы емес.

Қор сарапшыларының айтуынша, газ қондырғысы іске қосылғаннан кейін станцияның қалыпты жұмыс режимінде қанша зиянды зат бөлетіні ұсынылған құжаттарда көрсетілмеген.

Көмір қазандықтарының сүзгілері қашан жаңартылады?

Резервте қалатын төрт көмір қазандығының шаң тазарту жүйелерін жаңғырту 2030–2033 жылдарға жоспарланған.

Жобаға сәйкес, жаңа электр сүзгілері орнатылғаннан кейін шығарындылардағы шаңның нормативтік концентрациясы текше метрге 450 миллиграмнан 200 миллиграмға дейін төмендеуі тиіс.

«АлЭС» өкілдері жабдықтарды жаңарту мерзімінің ұзақтығын жобалау және техникалық құрылғыларды кезең-кезеңімен ауыстыру қажеттілігімен деп түсіндірген. 

Осылайша, газ қондырғысы іске қосылғаннан кейінгі алғашқы жылдары көмір қазандықтары резервте қалғанымен, олардың шаң тазарту жүйелерін жаңарту әлі жүргізілмейді.

Almaty Air Initiative қорының жетекшісі Жұлдыз Сәулебекова ЖЭО-2-ні газға көшіру Алматыдағы ауаның ластануын айтарлықтай азайтуы мүмкін екенін айтады. Алайда нақты нәтижені бағалау үшін көмір қазандықтарының жұмысы туралы ашық ақпарат қажет.

ЖЭО-2-нің газға көшуі Алматыдағы ауаның ластануын айтарлықтай азайта алады. Бірақ нақты нәтиже көмірмен жұмыс істейтін бөліктің қаншалықты жиі және ұзақ пайдаланылатынына байланысты болады. Сондықтан тұрғындарға көмірдің нақты шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты мен шығарындылар көлемі туралы ашық деректер қажет, – дейді ол.

ЖЭО-2 қанша көмір жағады?

Қазір станция жылына шамамен 2,5 миллион тонна көмір тұтынады. Ал 2027–2029 жылдарға арналған өтпелі кезеңде көмір қазандықтары газ қондырғысын алмастыруы қажет болған жағдайда жылына 1,7–1,8 миллион тоннаға дейін көмір жағылуы мүмкін.

Дегенмен әзірге бірнеше мәселе нақты айқындалмаған. Атап айтқанда:

  • көмір жағудың жылдық шекті көлемі;

  • резервтегі қазандықтарды іске қосу шарттары;

  • олардың жұмыс істеуіне рұқсат етілетін уақыт.

ЖЭО-2-дегі екі көмір мұржасына автоматты мониторинг жүйелері орнатылған. Алайда қоғамдық тыңдау өткен кезде бұл мәліметтер тұрғындарға қолжетімді болмаған.

Almaty Air Initiative сарапшылары станцияның қала ауасына нақты әсерін бағалау үшін көмір шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты және атмосфераға тарайтын зиянды заттардың көлемі туралы деректер ашық жариялануы керек деп есептейді.

Осыған байланысты қор үш ұсыныс жасаған:

  1. Көмір жағудың жылдық көлеміне бақылауға болатын нақты шек белгілеу;

  2. Көмір қазандықтарын іске қосу шарттарын және өтпелі кезеңнің аяқталу мерзімін айқындау;

  3. Автоматты мониторинг деректерін ашып, көмір шығыны, қазандықтардың жұмыс уақыты мен шығарындылар көлемі туралы ақпаратты жыл сайын жариялау дейді мамандар. 

Наверх