Алматымен сауда-саттық айналымын орнатқан ТОП-8 ел

6 Қыркүйек 2023, 13:27
699
Бөлісу:
Алматымен сауда-саттық айналымын орнатқан ТОП-8 ел
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Алматы қаласының экономикалық әлеуеті жыл санап артып келеді. Оңтүстік шаһардың негізгі сауда серіктестері қай елдер? Серіктестермен тауар айналымы қандай деңгейде? Осы және өзге сұрақтарға жауап алу үшін BAQ.KZ тілшісі Алматы қаласының әкімдігіне ресми сауал жолдаған болатын.

Алматы қаласының негізгі сауда серіктестері қай елдер?

Алматының негізгі сауда серіктестері Еуразиялық экономикалық одақ елдері, атап айтқанда Ресей Федерациясы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, сондай-ақ Қытай, Түркия, Германия, Өзбекстан, Корея болып табылады.

Алматы қаласы мен оның негізгі сауда серіктестері арасындағы сауда-саттық айналымы қандай? Соңғы бес жылда өзге мемлекеттермен өзара экономикалық байланысына жеке-жеке тоқталып өтсеңіздер.

Соңғы бес жылдағы Алматы қаласы мен негізгі сауда серіктестері арасындағы тауар айналымы келесідей болды:

1. Ресей Федерациясы – 27 миллиард АҚШ доллары

2. Беларусь Республикасы – 1,2 миллиард АҚШ доллары

3. Қырғыз Республикасы – 1,7 миллиард АҚШ доллары

4. Қытай – 22 миллиард АҚШ доллары

5. Түркия – 2,5 миллиард АҚШ доллары

6. Германия – 4,8 миллиард АҚШ доллары

7. Өзбекстан – 3,9 миллиард АҚШ доллары

8. Корея – 2,2 миллиард АҚШ доллары

Бүгінде Алматыда өзге мемлекеттер капиталының қатысуымен қанша кәсіпорын жұмыс істейді? Соңғы бес жылда Алматыдағы кәсіпорындарға салынған инвестиция көлемі қандай?

Алматы қаласында шетел капиталының қатысуымен барлығы 17 075 кәсіпорын жұмыс істейді. Соңғы бес жылда негізгі капиталға салынған инвестиция 5,1 миллиард теңгені құрады.

Биыл Алматының Индустриалды аймақтарында қандай инвестициялық жобалар іске асырылды? Жыл соңына дейін қаншасы іске қосылады деп жоспарланып отыр?

Экономиканы одан әрі әртараптандыру үшін басым секторлар, соның ішінде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып жатыр. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл ауданда 24,9 пайыз өсіммен 979,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту аясында Алматы қаласының Индустриалды аймағын дамытуға басты назар аударылып, қазіргі уақытта 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 381,4 миллиард теңгені құрайтын 87 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ағымдағы жылы 369 жұмыс орнын құра отырып, жалпы құны 15,1 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылады. Атап айтқанда: 1) «Ирригатор Қазақстан» ЖШС – жоғары және төмен қысымды полиэтиленнен полиэтилен құбырлары мен тамшылататын желілер шығаратын зауыт. Ол 2023 жылғы қарашада беріледі деп күтілуде; 2) «BSF (Rainbow)» ЖШС - лак-бояу материалдарын шығаратын зауы. 2023 жылғы қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған; 3) «VALTHERM» ЖШС бірінші кезеңі – алюминий және биметалл жылыту радиаторларын шығаратын зауыт. Қолданысқа берілу мерзімі 2023 жылғы желтоқсанға жоспарланған; 4) «Green Innovation 2030» ЖШС – өсімдіктер мен жылыжайларды микроклондық көбейтудің жоғары технологиялық зертханасы. 2023 жылғы желтоқсанда беріледі деп күтілуде; 5) «Әлем тынысы» ЖШС – салқындату сұйықтықтарын өңдеу және өндіру цехы. 2023 жылғы желтоқсанда беріледі деп жоспарланған.

Соңғы бес жылда Алматы қаласында өзге серіктес мемлекеттермен бірлесе отырып қанша меморандумға қол қойылды?

Ең алдымен Ляньюньган қаласын (Қытай Халық Республикасы) атап өткен жөн. 2019 жылғы мамыр айының 15-інде Алматы қаласы (Қазақстан Республикасы) мен Ляньюньган қаласы (Қытай Халық Республикасы) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Содан кейін Аргентина республикасының Росарио қаласын айрықша атап өту қажет. 2019 жылғы қараша айының 26-сында Алматы қаласы (Қазақстан Республикасы) мен Росарио қаласы (Аргентина Республикасы) арасындағы бауырластар туралы меморандумға қол қойылған болатын.

Ал 2021 жылғы 6 мамыр айында Сычуань провинциясымен (Қытай Халық Республикасы) байланыс орнатылды. 2021 жылғы мамыр айының 6-сында Алматы қаласы (Қазақстан Республикасы) мен Сычуань провинциясы (Қытай Халық Республикасы) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум қабылданды.

Сондай-ақ Оңтүстік шаһар Қытай Халық Республикасының Шэньчжэнь қаласымен де келісім орнатты. Яғни 2021 жылдың 29 желтоқсанында Алматы қаласы (Қазақстан Республикасы) мен Шэньчжэнь қаласы (Қытай Халық Республикасы) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын атап өту керек.

Кезекті байланыс Корея Республикасының Пусан қаласымен орнатылды. 2022 жылғы 14 қыркүйекте Алматы және Пусан қалалары арасында достық пен ынтымақтастық орнату туралы меморандум қабылданды.

Бұдан бөлек 2023 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасының Алматы қаласы мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы арасында туысқандық қатынастар орнату ниеті туралы хаттама толтырылды.

Өзгелердің жаңалығы