Алматы тұрғыны Евгения Савельева әлеуметтік желіде 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы 1904 жылы салынған тарихи ғимараттың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қала әкімдігіне үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Вознесенск кафедралды шіркеуінің жанында орналасқан сәулет ескерткіші ұзақ уақыттан бері қараусыз қалып, біртіндеп қирап барады.
Бұл ғимараттың жағдайына тағы да назар аудартқым келеді. Осыған дейін қала әкіміне де, Медеу ауданы әкімдігіне де талай мәрте жүгіндік. Ғимаратты қайтадан Вознесенск шіркеуінің қарамағына беруді сұрап келеміз. Мұнда жексенбілік мектеп немесе қайырымдылық бағытындағы басқа да іс-шаралар ұйымдастыруға болар еді. Алайда қазір ғимарат бос тұр, біртіндеп тозып барады, – дейді тұрғын.
Ол ғимараттың ішінде балалар ойыншықтары сақталатынын, көгершіндерге арналған жем қойылғанын, ал кейде үйсіз-күйсіз адамдар түнеп шығатынын айтты. Тұрғынның сөзінше, бұл орыннан жағымсыз иіс шығады, ал ғимараттың сыртқы келбеті де әбден тозған.
Савельева мұндай тарихи нысандар Алматыда саусақпен санарлық қана қалғанын айтып, қаланың орталығында орналасқан сәулет ескерткішіне тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанына қынжылды.
Бұл – мемориалдық саябақтың дәл ортасы. Мұнда күн сайын әртүрлі елден келген туристер көп келеді. Олар соборды аралап қана қоймай, осы ғимарат туралы да сұрайды. Егер жөнделсе, бұл нысан саябақтың да, қаланың да көркін арттырар еді, – деді ол.
Әкімдік не дейді?
Алматы қаласы Медеу ауданы әкімдігінің мәліметінше, ғимарат 2026 жылдың ақпан айында аудан әкімдігі аппаратының меншігіне қабылданған.
Әкімдік бұл нысанды алдағы уақытта "Шуақты Кемел Жас мектебі" әлеуметтік жобасын іске асыру үшін пайдалануды жоспарлап отырғанын хабарлады.
Техникалық тексеру нәтижесінде ғимараттың жекелеген құрылыс элементтері айтарлықтай тозғаны анықталған. Осыған байланысты оған ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Әкімдіктің хабарлауынша, заңнамада көзделген барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін ғимаратқа жөндеу жұмыстары басталады.