Алматылық хирургтер әйелдің бауырындағы үлкен ісікті алып тастады

9 Ақпан 2023, 21:56
1863
Бөлісу:
Алматылық хирургтер әйелдің бауырындағы үлкен ісікті алып тастады
Фото: Аурухананың баспасөз қызметі

Қалқамандағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері бауырына үлкен жылауық шыққан әйелге ота жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы облысының Қарасай ауданында тұратын әйел өскінді алып тастау үшін Алматыдағы №7 Қалалық клиникалық аурухана дәрігерлеріне жүгінген. Айтуынша, диагноз қойылғалы бері бір жыл өткен. Осы уақыт ішінде жылауық (киста) бірнеше есеге ұлғаған. 

Пациент хирургтың консультациясынан кейін тиісті анализдерді тапсырып, Қалқаман ауруханасына жолдама алады. Медициналық қызметтерге, соның ішінде МӘМС пакетіне кіретін операцияларға жолдаманы жергілікті емхана дәрігерлері береді.

Бауырдағы өскінге лапароскопиялық фенестрация жасалды. Бұл операция кистаны кішкене тіліп, ішіндегі сұйықтықты толығымен алып тастауға мүмкіндік береді. Жалпы лапароскопиялық технологиялар емдеу процесін тездетіп, пациенттің отадан кейін тез қалпына келуіне мүмкіндік береді, - дейді ота жасаушы маман, №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Мәуленов. 

Жетінші аурухананың шетелдік клиникаларда тәжірибе жинақтаған талантты хирургтары мен анестизиологтарының шеберлігі арқасында күрделі ота сәтті өтті. Қазір пациент ауруханадан шығып, амбулаторлық бақылауға алынды. 

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, сақтандырылған азаматтар, соның ішінде өзге аймақтардың тұрғындары да қалалық стационарларда жатып емделе алады. Ол үшін өз емханасы арқылы «Ауруханаға жатқызу бюросына» тіркеліп, жолдама алуы қажет.

Өзгелердің жаңалығы