Алматылық эпидемиологтар діни мерекелерде халықты көп жинамауға шақырады

7 Шілде 2022, 14:01
1622
Бөлісу:
Алматылық эпидемиологтар діни мерекелерде халықты көп жинамауға шақырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде діндарлардың рухани және діни сезімдеріне зор құрметпен қарайтынын, дегенмен санитарлық нормаларды сақтау қажеттігін айтты.

СЭБД өкілінің айтуынша, Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай нашарлай түсуде. Маусым айында мамырмен салыстырғанда ауру деңгейі 6,3 есеге артты (94-тен 595 жағдайға дейін). Тәулігіне КВИ-дің 100-ден 200-ге дейін жағдайы тіркеледі. Ағымдағы жылдың 3 шілдесінен бастап ҚР ДСМ эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында қала «сары аймақта» тұр.

Қ.Әбдіжаббарова 2022 жылдың 6 айында қалада КВИ-дің 55 441 жағдайы, шілдеде 773 жағдай тіркелгенін хабарлады.

Алматы қаласында КВИ-мен сырқаттанушылықтың өсуінің себебі осы жылдың маусым айында қалыптасқан халықтың 44%-ында иммунитеттің іс жүзінде болмауы аясында бұрын айналымдағы «омикрон» штаммының және COVID-19 вирусының «омикрон» штаммының өте жұқпалы мутацияланған кіші түрінің жандануы болды. Бұған сондай-ақ демалыс және каникул кезінде халықтың әлеуметтік қарым-қатынасының артуы, шет елдерге демалысқа шығу, ҚР-ға жұмыс істеу үшін көршілес Ресей мен Қытайдан инфекция жұқтыруы мүмкін азаматтардың келуі  ықпал етті, – деді ол.

Қ.Әбдіжаббарованың айтуынша, мұндай жағдайда сақтық шараларын ұмытуға болмайды.

Біз Құрбан Айт мерекесі кезінде құрбандық шалу рәсімдері өтетін жерлерде және мешіттерде барлық тұрғындарға бетперде киюді ұсынамыз, әсіресе адамдар көп жиналатын жабық үй-жайларда, - деді департамент өкілі.

Әлеуметтік қашықтықты сақтау, қолды жиі жуу, адамдар көп жиналатын орындарға бармау маңызды.

Сондай-ақ, эпидемиологтар малды автокөліктерден және жеке үй иеліктерінен сатуға тыйым салды. Союды ұйымдастыру және мал сату ветеринариялық қызметтің ресми ветеринариялық-санитариялық қорытындысын алған сою пункттері мен алаңдарында (ветеринариялық қызмет бекіткен тізбеге сәйкес сою пункттері, аудандардағы алаңдар) жүргізілуі тиіс. Мал сою тек ветеринариялық анықтама болған жағдайда ғана жүргізілуі тиіс.

Айта кетсек, биылғы Құрбан айт мерекесі шілденің 9-11 аралығына тұспа-тұс келіп отыр.

Өзгелердің жаңалығы