Алматылықтар дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін пайдалана алады

20 Мамыр 2021, 17:38
1779
Бөлісу:
Алматылықтар дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін пайдалана алады

Алматы, BAQ.KZ. Алматылықтар дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін пайдалана алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен аптаның соңында «Азаматтарға арналған үкімет» клиенттің үйіне дейін дайын құжаттарды жеткізу қызметін іске қосқан болатын. Оған 144 мемлекеттік қызмет қосылды, оның ішінде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу, жер учаскелерінің актілері, білім туралы құжаттарды апостильдеу, мұрағат анықтамалары, әскери билеттердің телнұсқаларын беру және басқалар бар.

Құжаттар дайын болғаннан кейін клиенттің қажетті мекенжайына құжаттарды жеткізуді рәсімдеуді ұсынатын веб-сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады. Қызмет ақылы, қала бойынша жеткізу құны – 970 теңге.

Мемлекеттік корпорация қызмет алушыларға қолайлы болу үшін барлық жағдайларды қарастыруда. Осы жылдың 13 мамырынан бастап 144 мемлекеттік қызмет түрін жеткізу сервисі іске қосылды. Бұл клиенттеріміздің мемлекеттік қызметтерді алу барысын жеңілдетіп, олардың қаржысы мен уақытын айтарлықтай үнемдейді. Сервис іске қосылған үш күн ішінде Алматы қаласында 20-дан аса адам осы қызметті пайдаланды. Әсіресе, жылжымайтын мүлікке және баланың тууына қатысты қызметке сұраныс бар, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

2020 жылдың қазан айында еgov.kz электрондық үкімет порталында осыған ұқсас қызмет пайда болды – ол кезде автокөліктердің мемлекеттік нөмірлері мен дайын техпаспорттарын үйге жеткізу сервисі іске қосылды.

Бұл күндері автокөліктің тіркеу нөмірлерін автоХҚКО-ға бармай-ақ алатындар саны да артқан. 2021 жылдың 4 айында алматылық 70-тен аса автокөлік иесі нөмірлерін үйге алдыртқан, – деп қосты директор.

Жақын арада жүргізуші куәлігін, жеке куәліктерді, паспорттарды және басқа да құжаттарды үйге дейін тапсырыспен жеткізу қызметтері қолжетімді болмақ.

Өзгелердің жаңалығы