Алматылық дәрігер пациенттің қос тізесіне бір мезгілде ота жасады

18 Қараша 2021, 12:15
3011
Бөлісу:
Алматылық дәрігер пациенттің қос тізесіне бір мезгілде ота жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы қаласындағы №4 ауруханада пациенттің қос тізесінің буыны бір мезгілде ауыстырылды. Бірегей ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде жасалды.

Виктор Алексеевичтің сол жақ тізесінің ауырғанына 25 жылдан асқан. Соңғы жылдары оң аяғы да сырқырап мазасын ала бастаған. Емханада жасаған консервативтік ем-дом ешқандай нәтиже бермепті.

Пышаққа түскім келмей талай дәрі-дәрмек іштім, жақпамайларды жақтым, укол да салдырдым. Өкінішке қарай пайдасы шамалы болды. Соңғы кезде ауруым жаныма қатты батқан соң дәрігерлер буын алмастыруды ұсынды, - дейді Виктор Самусенко.

Көп жағдайда дәрігерлер екі тізенің буынын қатар алмастырмайды. Өйткені пациент үшін күрделі операцияның салдары да оңайға соқпайды. Алматы қаласында мұндай бірегей операцияны №4 қалалық аурухана дәрігері Манарбек Әубәкіров қана жасайды екен.

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, бұл ота техникалық жағынан күрделі болғанымен, оның бірқатар артықшылықтары да бар.

Мәселен, пациент қайта-қайта тексеруден өтпейді, наркозды да азырақ алады. Ең бастысы, операциядан кейінгі реабилитация уақыты қысқарады. Бір жағынан, екі тізеге бірдей операция жасалғанда адам ағзасына айтарлықтай күш түседі. Сондықтан мұндай отаны ауыр созылмалы ауруларға шалдықпаған, жастар мен орта жастағы адамдарға ғана жасаймыз. Себебі аяқты теңшеп, қимыл-қозғалыс биомеханикасын қалпына келтіру оңай емес, - дейді Манарбек Әубәкіров.

Айтуынша, екі тізеге бірдей ота жасау туралы шешімді дәрігер мен пациент бірге отырып, әбден талқылап барып қабылдайды. Бірақ Виктор Самусенконың жасына қарамастан ота сәтті жасалды дейді маман.

Буын алмастыру жалпы құны 1,5 млн теңгеден басталатын жоғары технологиялық операциялар қатарына жатады. Эндопротездеу соңғы жылдары көп жасалып жүрген манипуляциялардың бірі. Себебі ол буыны ауыратын сырқаттың ауруын жеңілдетіп, емін-еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы