Алматылық студенттер жаңа туристік бағыттарды анықтады

5 Қараша 2019, 19:52
2435
Бөлісу:
Алматылық студенттер жаңа туристік бағыттарды анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Рухани жаңғыру" бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде "7 жаңа туристік маршрут" жобасы басталған.

Жақында аталған стартап жоба аясында Алматы облысының тарихи орындарына арнайы экспедиция жасақталып, студенттер киелі жерлермен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

Жаратылыстану факультетінің ұйытқы болуымен қолға алынған шараның басты мақсаты – отандық және жергілікті туризмді дамыту жолдарын қарастыру, аймақтық киелі жерлер мен жәдігерлерді насихаттау.

Бұған дейін жаңа маршруттардың желісін құруға студенттер мен магистранттар арасында конкурс ұйымдастырылған болатын. 

"7 жаңа туристік маршрут" стартап таныстырылым байқауына қатысуға өтініш білдірген 19 топтың ішінен алдын-ала іріктеуден өткен 8 топ ақтық кезеңге жолдама алды. Сайыс барысында әр команда көпшілікке кеңінен таныла қоймаған, алайда туристік әлеуеті жоғары нысандардың өзіндік ерекшелігін таныстырып, бизнес-жоспарын қорғады. Қазылар алқасы әрбір жұмыстың ерекшелігін, мәні мен маңызын жете сарапқа салды. Нәтижесінде Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің студенттерінен құралған "Жетісу» тобының "Жетісу – жер жәннаты" тақырыбындағы жобасы үздік деп танылған болатын. Жобада "Жеті қазына" құсбегілер мұражайы, "Ойрантөбе" тарихи орны, "Бартоғай" көлі, Шарын шатқалындағы "Қамалдар аңғары", "Жабыр", "Темірлік Шыңғысхан бейнесі", "Қызылсай" сияқты тарихи, табиғи ерекшелігі бар нысандар қарастырылған.

Осыған орай жүзден жүйрік шыққан "Жетісу" тобының мүшелері "Құсбегілік – қазақтың төл өнері" атты экспедиция құрамында Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының аумағында орналасқан "Жеті қазына" құсбегілер мұражайына арнайы барды. 2003 жылы ашылған мұражай қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық өнерінің бірі – саятшылықты кеңінен насихаттайды. Бүгінде мұнда 11 құсбегі мен қыран бүркіттер бар.

Бұл мұражайдың ашылуына "Жеті қазына" саятшылар клубы мұрындық болған. Құсбегілердің айтуынша, бүркіттің салмағы географиялық шығу тегіне байланысты. Алтай таулары, Ұлытау, Алатаудың құсы, тау құсы, ой құсы, қыр құсы деп табиғи жерге байланысты бүркіттің дене тұрқы да соған сәйкес бейімделеді. Үлкен таулардың бүркіттері алып болып келеді. Мәселен, аталық бүркіттің салмағы 3-4 келі болса, аналығы 6-7 келі шамасында. Негізінен құсбегілер қолға аналық бүркітті түсіруге тырысады, - дейді экспедиция жетекшісі, География және туризм кафедрасының оқытушысы Жомарт Шыңғысов.

Бүркіттен бөлек мұнда қазақтың таза тұқымды тазысы мен төбеттері, саятшылыққа қажетті құрал-жабдықтар, балбал тастар бар. Жәдігерлердің барлығы жергілікті елдімекен тұрғындарының көмегімен жинақталған.

Фото 2.jpg

Қазақ ит баптап, құс күйттейтін заманнан айырылып, құмайдың тұқымы құрып кетті деуге де болады. Саятшылық ұлттық спорт түрі ретінде дамытуды дұрыс жолға қойып, аңшы жануарлардың санын көбейтіп, экологиялық мәдениет қалыптастырып, тазының, оның ішінде құмай тазының құрып кетпеуін қадағалауымыз шарт, - деп атап өтті клуб жетекшісі Қуаныш Исабеков.

Сонымен қатар, экспедиция аясында Шарын шатқалына да арнайы сапар ұйымдастырылды. География және туризм кафедрасының меңгерушісі Шайхислам Лайсхановтың айтуынша, алқаптар ғимараты деп аталатын Шарын шатқалы Алматы қаласынан 195 шақырым қашықтықта орналасқан.

Шатқалды аралай жүріп, сіз осыдан 12 млн жыл бұрын тау жыныстарының сыртқы табиғи факторлардың қашалып, мүжілуінен пайда болған алуан түрлі таңғажайып көріністерді көре аласыз. Жартастар арасынан Шыңғыс ханның заңғар тұлғасын бейнелейтін "Темірлік Шыңғысхан бейнесін" кездестіруге болады. Әсіресе, ерекше шайылған формалар мен рельефтер арасында "Қызылсай", "Жабыр" сияқты табиғи ескерткіштер келушілердің таңдасын тудырады, - дейді Шайхислам Лайсханов.

Жоба ұйымдастырушыларының пайымдауынша, бұл бастама – туризмнің, жалпы алғанда, еліміздің дамуына өзіндік септігін тигізбек. 

Өзгелердің жаңалығы