Алматыдағы «Өркендеу» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үйлеріндегі краннан қоңыр түсті, тот аралас су аққанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тараған кадрларда краннан лайланған, қара-қоңыр түсті су ағып жатқанын көруге болады. Тұрғындар мұндай судың тұрмыстық қажеттілікке жарамсыз екенін айтып, алаңдаушылық білдірген.
Осы жағдайға байланысты «Алматы Су» кәсіпорны түсініктеме беріп, қаладағы орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Судың тазартылуы мен залалсыздандырылуы, сондай-ақ оның сапасын зертханалық бақылау су дайындау нысандары мен магистральдық желілерде тәулік бойы жүргізіледі. Санитарлық нормалардың асып кетуі немесе белгіленген стандарттардан ауытқу фактілері тіркелген жоқ, – деп хабарлады мекеме.
Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, Алматы қаласының су құбыры желілерінде судың сапасына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Әзірге тұрғын үй кешеніндегі қара судың нақты неден пайда болғаны туралы қосымша ақпарат жарияланған жоқ. Мамандардың болжамынша, мұндай жағдайлар кейде ғимараттың ішкі инженерлік желілеріндегі тот басу немесе құбырлардағы шөгінділердің қозғалуымен байланысты болуы мүмкін.
Оқиғаға қатысты тұрғындардың шағымы әлеуметтік желілерде талқыланып жатыр. Тұрғындар мәселенің себебін анықтап, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді талап етуде.